Қазақстанда «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында URKER халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Әзербайжан анимация қауымдастығының хабарлауынша, негізгі байқау бағдарламасында белгілі әзербайжан режиссері Месуд Пенахидің «Наргиз» анимациялық фильмі көрсетіліп, қазылар шешімімен Түрксой арнайы сыйлығына ие болды. Марапатты Түрксой Бас хатшысы Сұлтан Раев фильмнің продюсері, Әзербайжан анимация қауымдастығының төрағасы Рашид Ағамалиевке табыстады. Сыйлық түркі әлемінің мәдени мұрасын дамытуға және көркемдік өрнегіне қосқан үлесі үшін берілді.
Фестиваль қазылар алқасын өзбек режиссері Мавзур Махмұдов басқарды. Құрамында Әзербайжан мен Түркия анимация қауымдастығының өкілдері, фин және әзербайжан студияларының директорлары, түрік режиссерлері, қазақстандық әлеуметтік антрополог Евфрат Б. Имамбек және қырғыз режиссері Қаныбек Өмірбеков болды.
Байқаудан тыс бағдарламада режиссер Незрин Ағамалиеваның «Хадис» фильмі көрсетілді.
Фестивальді ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігі ұйымдастырды. «Жаңа түркі дәуірінің анимациясы» ұранымен өткен шара 5–8 тамыз аралығында өтті.