Ұлытау облысынан ерте темір дәуірінің қорымы табылды

921
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KXurFcWu5EcNz9UGBfbzFug7Hywzjo4CbqnUBSDQ.jpg

Ұлытау облысында ғалымдар ерте темір дәуіріне жататын ежелгі қорымды тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы  Жетінші арнаға сілтеме жасап.

Қазба жұмыстары барысында табылған артефактілер елдегі ірі музейлердің коллекциясын толықтыра алады деп күтілуде.

Мамандардың айтуынша, бұл сақ дәуірінде өмір сүрген көшпенді жауынгердің жерленген орны болуы мүмкін. Себебі адам сүйегінің жанынан алтын әшекейлер, жылқы әбзелдерінің бөлшектері мен қару-жарақтар табылған. Бұл заттар сол кезеңдегі ақсүйек таптың өкілі жерленгенін көрсетеді.

«Бас жағынан алтын бұйым табылды. Сонымен қатар оң жамбас тұсынан жебе ұштары шықты. Бұл – сақ қорымдарына тән белгілер. Осы заттарға сүйене отырып, жерлену дәстүрі мен уақытын анықтауға болады. Бұл қорым - Ұлытау жері ұлы тарихтың куәсі екенін тағы бір дәлелдейді» - дейді, Археолог Сырым Есен .

Ғалымдар табылған заттарға жан-жақты сараптама жүргізгеннен кейін, нақты қорытындылар жарияланады деп отыр.

评论