Өзбекстанда қарулы Күштер академиясы базасында Әскери қауіпсіздік және қорғаныс университеті құрылмақ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.
Жаңа жоғары оқу орны қорғаныс министрлігінің негізгі әскери білім беру мекемелерін біріктіреді. Олардың қатарында бес әскери институт, сержанттарды даярлау бойынша жоғары мектеп, авиация мен ұшқышсыз аппараттар мамандарын даярлау мектебі болмақ. Бұл мекемелер институт мәртебесін алады.
Ферғана дерегінше, университет аясында орталықтандырылған вертикалды оқыту жүйесі енгізіліп, ғылыми жетістіктер әскери кадрларды практикалық даярлауға кеңінен қолданылатын болады. Әсіресе сержанттарды даярлау мектебінде көшбасшылық қабілеттерді дамыту, заманауи қару-жарақ түрлерін меңгеру және тактикалық тәсілдерді оқыту жүйесі жаңартылмақ.
Жаңа модельдердің бірі ретінде «2+2» қағидасы бойынша аралас оқыту форматы енгізіледі. Бұл жүйе бойынша азаматтық жоғары оқу орындарының екінші курс студенттері арнайы іріктеуден өтіп, әскери бағыттағы 18 мамандық бойынша оқи алады. Олардың қатарында психолог, байланысшы, жабдықтау маманы, қоймашы сынды мамандықтар бар.
Талантты курсанттарды ынталандыру мақсатында Жоғарғы Бас Қолбасшының мемлекеттік стипендиясы тағайындалады. Бұл стипендия иегерлері бакалавриатты аяқтаған соң бес жыл ішінде емтихансыз әскери магистратураға түсе алатыны айтылған.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан президенті Қарулы Күштерді цифрландыруды жеделдетіп, барлық әскери құрылымдардың ақпараттық ресурстарын бірыңғай қауіпсіз кеңістікке біріктіруді тапсырған болатын.