Әлиев Украинаны оккупацияға көнбеуге шақырды

1315
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/10/ilham-.jpg

III Шуша жаһандық медиафорумы аясында Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Украинаны оккупацияға көнбеуге шақырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әлиев түрлі елдердің танымал арналарында жұмыс істейтін белгілі журналистер алдында сөз сөйледі.

Медиафорумда Украинаны әйгілі журналист Дмитрий Гордон таныстырды. Әлиев оған жауап беру кезінде Украинадағы жағдай мен Армениямен Нагорный Қарабах үшін болған қақтығысты салыстырып өтті.

Президент өз сөзінде әзербайжандықтар оккупацияланған аумақтарды қайтарып алғанын айтып, украин халқына да дәл солай жасауға кеңес берді. Бұл пікірін ол III Шуша жаһандық медиафорумында Дмитрий Гордон қойған сұраққа жауап ретінде білдірді.

«Бұрын мен Украина өкілі қойған осындай сұраққа бір шара барысында жауап берген едім. Сол кездегі жауабым қазір де өзгермейді. Бұл, меніңше, украин халқының үміт-тілектерімен үндеседі: оккупациямен ешқашан келіспеу. Менің ең басты кеңесім – осы. Біз де солай жасадық», – деді Илхам Әлиев.

Сондай-ақ, ол Нагорный Қарабахтың ұзақ уақыт армян әскері бақылауында болғанын, бірақ Әзербайжан оны қайтарып алғанын еске салды. Әлиевтің айтуынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бұл мәселе бойынша Армения әскерін аумақтан шығару туралы төрт қарар қабылдағанымен, олардың бірде-бірі орындалмаған.

评论