Қытай Қазақстан арқылы Бакуге күн панельдері тиелген алғашқы жүк пойызын жөнелтті

1108
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OHhUVsj8h9tDtBH6wOLu483rhmGjdwwoSH407a6L.jpg

9 шілде күні таңертең Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясына қарасты Цзиньчжун қаласынан Әзербайжан астанасы Баку қаласына 50 стандартты контейнерге тиелген, жалпы салмағы 1159 тонна болатын күн панельдерімен (фотоэлектрлік батареялар) жүк пойызы жолға шықты. Аталған рейс Қытайдан Еуропаға бағытталған Транскаспий дәлізі арқылы теміржол тасымалының басталғанын білдіреді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі Huayuan International Land Port көлік компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Пойыз «Чжундин» логистикалық орталығынан шықты. Жолда ол Қазақстан аумағы арқылы өтіп, Ақтау портына жетеді. Ол жерден жүк паром арқылы Әзербайжанға жеткізіледі.

Компанияның мәліметінше, дәстүрлі бағыттармен салыстырғанда Транскаспий маршруты жеткізу уақытын едәуір қысқартады. Болашақта бұл бағыт арқылы күн панельдерін Оңтүстік Кавказ елдеріне, Түркияға және Шығыс Еуропаға ыңғайлы тасымалдау жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта Huayuan International Land Port компаниясы Қытайды Еуропа және Орталық Азия елдерімен байланыстыратын 23 теміржол маршруты бойынша тұрақты жүк тасымалын жүзеге асырады. Бұл бағыттар Шаньси провинциясын әлемнің 16 еліндегі 48 қалаға байланыстырады.

评论