"Дат" газетінде шыққан «Ескі де, жаңа ел туралы қисынсыз мифтер» атты мақалада Е.Бапи жеке басының призмасынан өткізілген өмір тәжірибесімен жинақтаған саяси ұстанымдарын баяндап, өзі куә болған тәуелсіздік алғаннан кейінгі 34 жылдағы ахуалға, әсіресе, 2019 жылдан бергі дамуға тұтасынан шолу жасайды: саяси мифтердің тек билік тарапынан ғана емес, қоғамдық сана мен оппозиция тарапынан да орнайтындығын бағамдайды.
Қазіргі Қазақстан мемлекетінің ахуалын, жалпылама әлеуметтік-экономикалық келбетін бағалау әрқилы көзқарастар аясында өрбіп келеді. Кейбірі, еліміздің прогрессивті жағына көбірек назар аударса, кейбір пікірлер регрессивті қырларды көреді. Дегенмен, тек қана пессимистік көңіл-күй орнатып, қоғамдағы болып жатқан оң өзгерістерге көз жұма қарау да орынсыз.
Бұрын билік тарапынан орын алған саяси мифтерді ашып көрсетіп жүрген оппозиционер азамат, бұл жолы қоғамдық санадағы саяси мифтерді талқылайды (демифологизациялайды), өз пікірлерін нақты айғақтармен ортаға салады: жемқорлықпен күрестің жүзеге асып жатқан нақты іс-қимылдар мен шараларды көрсетеді, орнықты саяси реформалардың шынайы қоғамдық өмір саласымен байланысын саралайды.
Мақалада Президенттің сыртқы саясаттағы дипломатиялық ұстанымы оңды бағаланған. Автордың өзі сол саяси-әлеуметтік климаттың бел ортасында жүргендіктен (жай сырттан бақылаушы «кабинеттік саясаттанушы» емес):
- Қазір «қос биліктің» жоқ екендігі туралы нақты айтылады;
- Экономиканы әртараптандыру саласындағы жеткен жетістіктерімізді шынайылық тұрғысынан зерделейді;
- Ақпараттық технологиялар саласындағы цифрландырудың көпшілік мойындауы қажет жақтары оптимистік сипатта қаралады;
- Өндірістің қолға алына бастағандығын нақты цифрлық көрсеткіштерімен сөйлетеді т.б.
Әрине, бұл жетістіктерді көрсету әсіре мақтаншылдық, еліміздің дамуы барысындағы олқықтар мен кемшін тұстарға көз жұма қарау, саяси ұпай жинау т.б. дегенді білдірмейді.
Мақалада «Ақты – ақ, қараны – қара» деп кесіп айтатын төрешілік бар және еліміздегі саяси ахуалға обьективті баға берілген.
Бұл тұста, мынадай басты мәселелерге де назар аударуға тиіспіз:
- Еліміздегі прогресшілдіктің беталысы мен қарқынына үңілу керек. Мұнда Президентінің іс-қимылы ғана емес, жұмыс барасындағы кедергілер мен күрделі ахуалдарды да саралау керек. Кезінде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз жолдауындағы «Кеттің бе, қайырылма» деген сөзіне айрықша назар аударылмады, саясатпен шұғылданушы ғалымдар, саяси технологтар т.б. тарапынан саяси психоаналитикалық сараптама жасалмады, шындығында, кезінде, осы сөздің астарына тереңірек үңілу қажет еді.
Бұл Президенттің шындығы ғана емес, ел басқару ісіндегі күрделі ахуал: «Ескі» мен «Жаңа» Қазақстан арасындағы күрестің жүргендігі.
Қазір еліміз сыртқы ғана емес, ішкі саясатта да қиын кезеңдерді бастан өткеріп келеді. Әрине, одан шығудың әрқилы жолдары бар. Мүмкін, қашан да ел қамын ойлаған, «нақты өзгерістер жасауға, яғни, шын мәніндегі тәуелсіз саясат құрып, дабыра мен даңғазадан арылуға берілген мүмкіндікті пайдалану» да оңтайлы жолдың бірі шығар.
Шындығында, дабыра мен даңғаза билікті даттауға да, ақтауға да қолданылмауы тиіс. Біз тек еліміздің дамуындағы шынайы картинаны саралап, «Әділетті Қазақстан» орнату мақсатында жұмыс жасауымыз керек.
Осы «Әділетті Қазақстан» деген сөздің мәтін астарында, «бұрынғы Қазақстан әділетсіз болды» деген түсінік қана жатқан жоқ. (Өйткені, әділетті болу – мемлекеттің ерекше бір ең жоғары сапасы немесе әлемге жар салатындай құндылығы емес. Ол мемлекеттің қалыпты атрибуты.
Өйткені, әлемде ешқандай Ел «Біз әділетті қоғам құрамыз» деп жар салмайды (демократиялық, құқықтық деп айтылуы ықтимал). Мысалы, «Әділетті Франция», «Әділетті Жапония» т.б. – ол күлкілі болар еді. Шындығында, «Әділетті Қазақстан» түсінігі лингвистикалық философия тұрғысынан келгенде, «Бұрынғы әділетсіздікпен күресетін Қазақстан» деген мағынаны ғана білдіреді. Өйткені, әділеттілік мемлекеттің басты ұстанымы емес, соның өзі болуы тиіс!
(Мәселен, «Кітап оқитын ғалым» деген сөйлем мағынасыз. Егер ол Кітап оқымаса, шындығында, ғалым да емес).
Кейбіреулер «Әділетті Қазақстан» ұғымын, қазіргі жағдайға байланысты, «толықтай әділеттілік орнаттық» деген мағынада түсінеді және бұрынғы ізбен оны «пафос» пен «ұранға» айналдырғысы келеді.
PS. Әділеттік орнатуың құқықтық платформасы сот пен прокуратураның әділеттілігі болуы тиіс. Бірақ олар әділетсіз болған жағдайда, «сот үстінен сот жүргізу алгоритмі» бізде құрастырылмаған – бұл аса маңызды.
Міне, депутат Е.Бапидың мақаласы осындай ойға жетеледі. Сонысымен де мақала өзекті деуге болады.
Аташ Б.М.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының ұстазы
Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «AMANAT» партиясы республикалық сайлауалды штабының жұмысымен танысты