"Қазақстан балалары", "WorldSkills Karaganda 2025". Білім беру саласындағы бастама

1993
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/09/balalar-960x500.jpeg?token=75107f28254a036d325f7b477e908e62
Қазақстанда 22–30 мамыр аралығында өтетін Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған кең ауқымды іс-шаралар – еліміздегі балаларға арналған мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі. «Қазақстан балалары» атты бірыңғай ұранмен өтетін бұл мерекелік кезең – тек ойын-сауық емес, балалардың құқығын қорғау, олардың пікірін тыңдау, дамуына жағдай жасау жолындағы маңызды қоғамдық үндеу. Бұл бастаманың шеңберінде өткізілетін іс-шаралардың ауқымы кең әрі мазмұнды. Отбасы мен бала арасындағы байланысқа мән берілген мерекелік күндер, аймақ әкімдерінің балалармен кездесуі, мәдениет және спорт мекемелеріне тегін бару, қайырымдылық акциялары, жаңа білім нысандарының ашылуы, балалардың құқық қорғау саласымен танысуы және білім саласындағы жетістіктер – мұның бәрі балалардың жан-жақты дамуына бағытталған. Мемлекеттік саясаттағы балалар мүддесі ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып отырған іс-шаралар Қазақстандағы балаларға қамқорлықтың жай ғана міндет емес, ұлттық идеологияның ажырамас бөлігі екенін көрсетеді. Мектеп жасындағы балалардың білім алуы ғана емес, олардың тұлға ретінде қалыптасуына, азаматтық белсенділігіне, шығармашылық және спорттық қабілеттеріне қолдау көрсету – қазіргі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Министрлік бұл бастамаларды жүзеге асыруда отбасы институтын қолдау мен нығайтуды да басты назарда ұстап отыр. 22 мамыр күні өткен «Әкем – тірегім, анам – жүрегім» атты іс-шара соның дәлелі. Бұл күнгі іс-шаралар отбасы құндылықтарын ұлықтап, әке мен ананың бала тәрбиесіндегі рөлін насихаттауға арналды. «Әкелер Одағы» РҚБ төрағасы Мақсұт Айтмағанбеттің айтуынша, соңғы жылдары қоғамда әке рөліне деген көзқарас оң өзгеріп келеді. Бұрын мектептегі ата-аналар жиналысына тек аналар келетін болса, қазір әкелер де белсенділік таныта бастады. Қарағанды үлгісі: патриоттық тәрбие мен зияткерлік даму Қарағанды қаласында өткен бірқатар іс-шаралар балалар тәрбиесіне ерекше үлгі боларлықтай. «Қазақстан балалары» ұлттық бастамасы аясында өткізілген кездесулердің бірі – Қарағанды облысы Полиция департаментінің Жедел қимылдайтын арнайы жасағы мен Кинологиялық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Бұл күні көпбалалы отбасылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілерінен құралған 60-қа жуық оқушы құқық қорғау саласының қыр-сырын біліп, әскери жаттығулардан өтті. Мұндай шаралар балалардың бойына патриоттық рух, тәртіп пен серіктестік дағдыларын сіңіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыста «Әке, ана және мен» атты отбасылық жарыс ұйымдастырылды. Спорттық шараға ата-аналар мен балалар бірге қатысып, отбасылық ынтымақтастықты көрсетіп қана қоймай, салауатты өмір салтының үлгісін паш етті. Осындай іс-шаралар отбасылық құндылықтарды нығайтуға, балалар мен ата-аналар арасындағы байланысқа серпін беруге бағытталған. Аймақтық білім саласындағы жетістіктер де назар аударуға тұрарлық. Астанада өткен республикалық пәндік олимпиадада Қарағанды облысы 13 жүлделі орын иеленіп, жоғары нәтижелер көрсетті. Бұл – сапалы білім берудің аймақтық деңгейде де жүйелі түрде дамып жатқанын көрсетеді. Әсіресе, жаратылыстану-математика бағытында екінші орын, қоғамдық-гуманитарлық бағытта үшінші орынды иеленуі – мұғалімдер мен оқушылардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Балалардың белсенділігін арттыру, олардың пікіріне құлақ асу – бұл бүгінгі қоғамның басты міндеті. Қазақстанда балаларға арналған іс-шаралар көбейіп, сапасы жақсарып келеді. Білім беру тек мектеп қабырғасымен шектелмей, мәдени, спорттық, зияткерлік тұрғыда жан-жақты қамтылуда. Биыл елімізде алғаш рет балалар-жасөспірімдер спорт мектептері аясында 28 мыңға жуық бала тегін жаттығып жүргені атап өтілді. Бұл – тек спортқа ғана емес, ұрпақ денсаулығына, оның әлеуетін дамытуға жасалған инвестиция. Халықаралық балаларды қорғау күні – бұл мереке ғана емес. Бұл – бала мүддесін қорғауға, оның тұлғалық дамуына қоғам мен мемлекеттің ортақ жауапкершілігі бар екенін дәлелдейтін күн. Әрбір ұйымдастырылған іс-шара – балаларға деген шынайы қамқорлықтың көрінісі. Кәсіби шеберлік мерекесі – WorldSkills Karaganda 2025 Балалар мерекесімен қатар Қарағандыда 20–22 мамыр аралығында өткен "WorldSkills Karaganda 2025" өңірлік чемпионаты – жастардың кәсіби бағыттағы әлеуетін танытқан тағы бір маңызды оқиға болды. Қарағанды облысының 38 колледжінен жиналған 286 қатысушы 46 біліктілік бойынша шеберліктерін көрсетіп, болашақ маман ретіндегі қабілеттерін дәлелдеуге тырысты. Үш күн бойы қатысушылар 46 түрлі біліктілік бойынша өз кәсіби дағдылары мен білімдерін сынға салады. Жарыстың 20 біліктілік бағыты Қарағанды қаласындағы "Жастар" спорт кешенінде, ал қалған 26 біліктілік 13 колледждің базасында өткізіліп жатыр. Чемпионаттың басты мақсаты — жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, кәсіби шеберлікті дәріптеу және өңірдің ғана емес, елдің болашақ білікті мамандарын даярлауға серпін беру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайыстар білім беру жүйесі мен өндіріс саласының арасындағы байланысты нығайтып, кадрларды еңбек нарығы талаптарына сай даярлауға жол ашады. "WorldSkills Karaganda 2025" чемпионаты — қатысушы жастар үшін тек кәсіби жарыс қана емес, өз қабілетін дәлелдеуге, тәжірибе алмасуға, еңбек нарығында сұранысқа ие болуға бағытталған үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, бұл чемпионат кәсіби бағдар беруге, студенттердің болашақ мамандығына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Қарағанды облысы елімізде кәсіби-техникалық білім беру мен жұмысшы кадрларды даярлауда көшбасшылардың бірі саналады. Чемпионат аясында колледж студенттері заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын көрсетіп, халықаралық деңгейдегі стандарттарға сай шеберліктерін шыңдай алады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен марапаттар тапсырылады. Сонымен қатар, олар республикалық және халықаралық деңгейдегі WorldSkills жарыстарына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Yorumlar
Diğer Haberler