Зеленский Трампты Путинді "дос" дегені үшін өткір сынады

193
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AllMcqN9iRJrs96dWIebxGXUqWLqaxWhEhCEwp94.webp

Фото: MARIANNE BAISNEE/BBC

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың Киевке әскери көмек көрсету қарқынына және Ресеймен арадағы бейбіт келіссөздердегі ұстанымына көңілі толмайтынын айтты. Оның пікірінше, зымыранға қарсы қорғаныс құралдарын жеткізудің кешігуі адам өміріне қауіп төндіріп отыр. Бұл туралы ол BBC-ге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

Киевтегі кеңсесінде тілшілерге сұхбат берген Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей басшысы Владимир Путинді «досы» ретінде сипаттауын сынға алды. Украина президентінің пікірінше, соғыс жағдайында агрессор мемлекет басшысын дос санау орынсыз.

«Ол – агрессор әрі қанішер. Оны дос деп айтуға болмайды. Ешқашан дос бола алмайды», – деді Украина президенті. 

Оның сөзінше, бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Адольф Гитлермен дос болғаныңды айтумен бірдей.

Сондай-ақ Зеленский АҚШ-тың Ресейге қатысты ұстанымына тоқталды. Оның айтуынша, Вашингтон бейбіт келіссөздер барысында Мәскеуге жеткілікті қысым көрсетпей отыр. Президент агрессор мен зардап шеккен тарапқа бірдей қарау дұрыс емес екенін атап өтті.

Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздер жүргізіп жатыр. Алайда қараша айының басында Әбу-Дабиде өткен кездесулер айтарлықтай нәтиже бермеген. Зеленский келіссөздердің желтоқсан айында қайта жалғасуы мүмкін екенін айтты.

Сұхбат барысында Украина президенті елдің әуе қорғанысындағы қиындықтарды да сөз етті. Оның мәліметінше, украин әскері Ресейдің жылдам ұшатын дрондарының шамамен 70 пайызын атып түсіре алады. Дегенмен баллистикалық зымырандарға қарсы қолданылатын тосқауыл зымырандары жетіспейді. Зеленский АҚШ-тың Patriot жүйелеріне арналған зымырандарды жеткізуі кешігіп жатқанын айтып, бұл жағдай адам шығынына әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Сонымен қатар ол АҚШ-тың Starlink және әскери мақсаттағы Starshield спутниктік байланыс жүйелерін пайдалануға Украина аумағының оккупацияланған бөліктерінде шектеу бар екенін растады. Бұл мәселе бойынша жауапкершілікті нақты қай тарап көтеретінін анықтау қиын екенін жеткізді.

Зеленский Украина соңғы апталарда Ресей аумағындағы мұнай өңдеу зауыттары мен әскери мақсатта пайдаланылатын кемелерге соққыларды күшейткенін де айтты. Ол Ливия жағалауында шабуылға ұшыраған «Меркурий» ресейлік әскери кемесін заңды нысана деп атады.

Президент алдағы қыс Украина үшін күрделі болатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, Ресейдің Киевке жасаған шабуылдары Днепр өзені арқылы өтетін көпірлерге де бағытталған. Электр энергиясының үзілуі мен логистикалық желілердің бұзылуы қаладағы кәсіпорындардың жұмысына кері әсер етіп, кейбір тұрғындардың қыс мезгілінде қаладан кетуіне себеп болған.

Соған қарамастан Зеленский Украинаның астанасын қорғауды жалғастыратынын айтты.

 «Бізге астанамыз қажет. Астанасыз ел болмайды», – деді ол BBC-ге берген сұхбатында.

Yorumlar
Diğer Haberler