Цирк өнеріне өмірін арнаған азамат

241
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2A6L7KGxzjzIqmXGoGN3XA2hTfvlKForDm2m3Q1l.jpg

 Өнер – адам өмірінің мәнін айқындайтын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани мұра. Әсіресе цирк өнері – батылдық пен шеберлікті, табандылық пен шығармашылықты талап ететін ерекше әлем. Бұл әлемде әртістің сахнадағы бірнеше минуттық өнерінің артында жылдар бойғы еңбек, үздіксіз жаттығу мен үлкен жауапкершілік жатады. Цирк манежінде көрерменді таңғалдырып, жүректерге қуаныш сыйлаған өнер иелерінің есімі халық жадында ұзақ сақталады. Сондай өнер адамдарының бірі – Астана қаласы әкімдігінің «Астаналық цирк» МКҚК әртісі болған, цирк өнерінің кәсіби шебері, аң үйретуші Мұрат Өселбаев. 

Ол өз ғұмырын цирк өнеріне арнап, Қазақстандағы цирк өнерінің дамуына, соның ішінде елордалық цирктің қалыптасуына өзіндік үлес қосқан азамат еді. Өмірден ерте озғанымен, оның өнердегі ізі, кәсіби еңбегі мен бастаған ісі артында қалған отбасы арқылы жалғасын тапты.

Мұрат Өселбаевтың өмір жолы – өнерге деген сүйіспеншілік пен туған елге қызмет етудің үлгісі. Ол цирк өнеріне бірден келген жоқ. Өмірінің алғашқы кезеңінде әскери-теңіз саласында қызмет етіп, атомдық сүңгуір қайықта болғаны туралы естеліктер бар. Кейін жүрек қалауымен цирк училищесіне түсіп, кәсіби өнер жолын таңдаған. Жары Тунгалаг Өселбаева олардың 1987 жылы Мәскеу қаласында танысқанын еске алады. Сол кезде Мұрат цирк училищесіне оқуға түскен, ал Тунгалаг оқуын аяқтауға жақын қалған жас әртіс болатын.

Таныстық көп ұзамай үлкен махаббатқа ұласып, сегіз айдан кейін шаңырақ көтерген. Бір жылдан соң отбасында тұңғыштары Мұхтар дүниеге келген. Жас отбасының өмірі өнермен тығыз байланысты болды.

Олар өз мамандықтарын сүйді, бірге еңбек етті, бірге гастрольдік сапарларға шықты. Мұрат акробат, ал Тунгалаг гимнаст ретінде өнер көрсетті. 1991 жылға дейін «Союзгосцирк» жүйесінде жұмыс істеп, кәсіби шеберліктерін шыңдады. Мұрат Өселбаев үшін цирк тек күнкөріс көзі емес, өмірлік таңдауы, жүрек қалауы еді.

Оның туған еліне оралу туралы шешімі де осы азаматтық ұстанымынан туған. 1991 жылдың мамыр айында Мұрат Өселбаев Қазақстанға оралуға шешім қабылдайды. Мәскеуде қалып, жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі болғанына қарамастан, ол туған еліне қызмет етуді жөн көреді. Тунгалаг Өселбаева күйеуінің сол кезде: «Жоқ, мен Қазақстанға барамын. Бізде де цирк бар!» – деп нақты шешім қабылдағанын еске алады.

 Бұл сөздің астарында туған жерге деген сүйіспеншілік, ел мәдениетіне үлес қосуға деген ұмтылыс жатыр. Мұрат үшін өзге елде қалып, қалыптасқан жағдайды жалғастырудан гөрі, Қазақстанның цирк өнерін дамытуға атсалысу маңызды болды. Осылайша Өселбаевтар отбасы Алматы қаласына қоныс аударып, Қазақ мемлекеттік циркінде еңбек жолын жалғастырды. Олар Алматы циркінде ұзақ жылдар қызмет етіп, өздерінің кәсіби тәжірибесін арттырды. Мұрат акробаттық өнерімен танылса, Тунгалаг гимнаст ретінде көрермен ықыласына бөленді. Алматы циркіндегі жылдар олардың шығармашылық қалыптасу кезеңі ғана емес, болашақта жаңа жанрды игеруге дайындық мектебі болды. Цирк өнерінің әртүрлі қырын меңгерген Мұрат кейіннен жыртқыш аңдарды үйрету саласында да өзін танытты. 2005 жыл – Қазақстанның Елордасы үшін ғана емес, цирк өнері үшін де ерекше кезең. Осы жылы жаңа Астаналық цирк өз жұмысын бастады. Елордада заманауи цирк ғимаратының ашылуы кәсіби әртістерді бір жерге топтастырып, жаңа шығармашылық ұжым қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Астаналық цирктің алғашқы директоры Балтабек Балабайұлы  Жұмағұлов Мұрат Өселбаевты жаңа ұжымның қалыптасуына атсалысуға шақырады. Оған цирк әртістерін жинақтау, жаңа бағдарламалар дайындау және шығармашылық бағытты дамыту міндеті ұсынылады. Мұрат бұл ұсынысты қабылдап, отбасымен бірге Астанаға қоныс аударады. Осы кезеңде оның шығармашылық өмірінде үлкен өзгеріс орын алады. Бұған дейін акробат ретінде өнер көрсеткен ол жаңа бағытқа бет бұрып, арыстандарды үйрету жанрын меңгере бастайды. Бұл оңай шешім емес еді.

Арыстандармен жұмыс істеу ерекше батылдықты, сабырлылықты, жануарлардың мінез-құлқын терең түсінуді және күнделікті тынымсыз еңбекті талап етеді. Мұрат жаңа кәсіпті игеруге бел буып, осы бағытта кәсіби ізденіс жасайды. Ол Қытайдан әкелінген африкалық арыстандармен жұмыс істеуге кірісіп, жаңа цирктік аттракционның қалыптасуына атсалысты. Тунгалаг Өселбаеваның айтуынша, 2005 жылы арыстандар келген кезде Мұратпен бірге тәжірибелі көмекші үйретуші де келген. Олар төрт ай бойы бірлесе жұмыс істеп, аң үйрету өнерінің қыр-сырын меңгерген.

Осылайша,  Өселбаевтар отбасының цирктегі жаңа шығармашылық кезеңі басталды. Мұраттың кәсіби тәжірибесі мен табандылығы Астаналық цирктің жыртқыш аңдармен жұмыс істейтін бағытының қалыптасуына ықпал етті. Арыстан – табиғаттың айбынды жыртқышы. Онымен жұмыс істеу үшін тек батылдық жеткіліксіз. Ең бастысы – жануардың мінезін түсіну, оған дұрыс күтім жасау және күнделікті байланыс орнату. Мұрат Өселбаевтың аң үйретуші ретінде қалыптасуы да осындай үздіксіз еңбектің нәтижесі еді.

Арыстандарды манежге шығарып, көрермен алдында өнер көрсетуге дайындау бір күнде жүзеге аспайды. Әр жануардың мінезі әртүрлі болғандықтан, олардың ерекшеліктерін зерттеп, әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізу қажет.

Бұл мамандықта демалыс пен үзілістің өзі шектеулі. Жануарларды күн сайын тамақтандыру, денсаулығын бақылау, торларын тазалау және жаттығу жұмыстарын жүргізу – үйретушінің күнделікті міндеті. Мұрат Өселбаев бұрынғы мамандығымен шектелмей, цирк өнерінің күрделі әрі жауапты саласын меңгерді. Жаңа бағытты игеру арқылы Астаналық  цирктің бағдарламасына ерекше мазмұн қосуға атсалысты.

 Мұрат Өселбаевтың өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі – отбасы еді. Оның жары Тунгалагпен бірге жүріп өткен шығармашылық жолы өнер мен отбасының біртұтас тағдырға айналғанын көрсетеді. Екеуі де цирк өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген кәсіби әртістер болды. Бірі акробат, екіншісі гимнаст ретінде бастаған шығармашылық жол кейін аң үйрету өнерімен жалғасты. Олар жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, Елордалық цирктің қалыптасуына бірге еңбек сіңірді. 2011 жылы Мұрат Өселбаев өмірден өтті. Бұл отбасы үшін орны толмас қайғы болды... 

Адамның өмірден өтуі оның жасаған еңбегін, артында қалдырған ізін өшіре алмайды. Әсіресе өнер жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалардың еңбегі уақыт өткен сайын бағалана түседі Мұрат Өселбаевтың өмір жолы – туған елге оралып, оның мәдениетіне қызмет етудің, жаңа кәсіби бағытты меңгерудің және отбасылық өнер дәстүрін қалыптастырудың үлгісі. Ол Мәскеудегі цирк училищесінен басталған кәсіби жолын Қазақстанда жалғастырды. Алматы циркінде еңбек етті. Елордада жаңа цирк ұжымын қалыптастыруға қатысып, арыстандармен жұмыс істейтін аттракционның дамуына үлес қосты. Бүгінде Мұрат Өселбаевтың өмір жолын еске алу – Астаналық цирктің қалыптасу тарихындағы еңбек адамдарын ұлықтау деген сөз. Өйткені кез келген мәдени мекеменің тарихы оның ғимаратымен ғана өлшенбейді.

Оның тарихын жасаған – сол жерде тер төккен, өнерін арнаған, жаңа белестерге жол ашқан адамдардың ерен еңбектері арқылы таразыланады. Мұрат Өселбаев та осындай азаматтардың бірі. Оның цирк өнеріне сіңірген еңбегі, туған елге деген құрметі мен кәсіби ізденісі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.

 Мұрат Өселбаевтың ғұмыры ұзақ болмағанымен, өнердегі жолы мазмұнды болды. Ол бір мамандықпен шектелмей, цирк өнерінің бірнеше жанрын меңгерді. Туған елге оралып, Қазақстанның мәдени өміріне үлес қосты. Астаналық цирктің алғашқы шығармашылық ұжымының қалыптасуына қатысып, арыстандармен жұмыс істейтін ерекше бағыттың дамуына атсалысты.Ең бастысы, ол артында өнерді жалғастырған отбасын қалдырды. Өнер адамының өмірі манеждегі соңғы қойылымымен аяқталмайды. Оның еңбегі, шәкіртке берген тәжірибесі, отбасына қалдырған өнегесі және өнерге қосқан үлесі арқылы жалғаса береді. Мұрат Өселбаевтың жарқын бейнесі де Астаналық цирк тарихымен бірге жасай бермек. Өнердің шынайы мұрасы – артында қалған ізінде. Мұрат Өселбаевтың өнердегі ізі де ұмытылмауға тиіс.

Бахтияр Тұрсын

Театртанушы, «Астаналық цирк» МКҚК шығармашылық-әртістік бөлімнің басшысы

Yorumlar
Diğer Haberler