Трамп демократтар Конгресте басымдыққа ие болса, вето құқығын пайдаланатынын айтты

128
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SCXEUpu8VVBbXtrQBpdf8f76dyhJAlbhB6vFdGTW.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Демократиялық партия Конгрестің екі палатасында да басымдыққа ие болған жағдайда олардың заңнамалық бастамаларына тосқауыл қоюға дайын екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұл үшін президенттік вето құқығын пайдаланатынын айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

Трамп бұл туралы дауыс беру аяқталмай тұрып CBS News арнасына берген сұхбатында мәлімдеген. Оның сөзінше, демократтармен келісімге келудің бір жолы – олардың заң жобаларына бірнеше ай бойы вето қою.

«Менің қолымда ең жоғары өкілеттік бар. Ол – вето құқығы. Тарихта да осылай болған: бірнеше ай бойы вето қоясың, содан кейін олар өздері келіп: “Бізге келісімге келу керек” дейді», – деді АҚШ президенті.

Сонымен қатар Трамп сайлау нәтижесіне қарамастан, өзінің саяси бағытын өзгертпейтінін жеткізді. Оның пікірінше, Жоғарғы соттың бірқатар шешімі президенттің өкілеттіктерін кеңейтуге мүмкіндік берген.

Кейін The New York Times басылымына берген сұхбатында Ақ үй басшысы аралық сайлау нәтижелерін мойындауға және демократтармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

«Біз демократтармен жұмыс істейміз және олармен ынтымақтастықты бастауға қуаныштымыз», – деді ол.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, сайлаушылардың басым бөлігі үшін елдегі тұрмыс құны мен экономикалық жағдай дауыс беру кезінде маңызды рөл атқарған. Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 90 пайызы өмір сүру құнын негізгі факторлардың бірі ретінде атаған.

Сонымен бірге көптеген азамат Дональд Трамптың жүргізіп отырған саясатына көңілі толмайтынын білдірген.

CBS News жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің төрттен үшіне жуығы АҚШ-тың қазіргі даму бағытына қанағаттанбайды.

Сайлауалды науқан барысында демократтар Трамп әкімшілігінің экономикалық саясатын сынға алып, президент пен оның командасының қызметіне бақылауды күшейтуге уәде берген.

Reuters мәліметінше, демократтар Сенатта көпшілік орынға ие болған жағдайда президент ұсынған мемлекеттік қызметкерлер мен федералдық судьялардың кандидатураларын бекітуге кедергі келтіре алады.

Ал Өкілдер палатасын да бақылауына алған жағдайда, олар Трамп әкімшілігінің қызметіне қатысты түрлі тергеулер бастауға және Ақ үй ұсынған заң жобаларының қабылдануына тосқауыл қоюға мүмкіндік алады.

Дегенмен Конгрестегі саяси күштердің арақатынасы өзгергенімен, Дональд Трамп президенттік өкілеттіктерін сақтап қалады. Ол атқарушы жарлықтарға қол қоюды жалғастырып, Конгресс қабылдаған заң жобаларына вето қоя алады.

Осылайша, демократтардың Конгрестегі ықпалының артуы Ақ үй мен заң шығарушы билік арасындағы саяси текетіресті күшейтуі мүмкін. Ал алдағы кезеңде екі партияның өзара келісімге келуі АҚШ-тың ішкі саяси күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің біріне айналмақ.

Yorumlar
Diğer Haberler