Банк қызметіндегі жаңа дәуір: Алматыда халықаралық IT-конференция өтеді

144
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IOjn5v8QItjr7zP8MOxdoonQ8XH3zOdk5Fpl2wvv.jpg

29 қазанда Алматыда Halyk OIY Tech екінші жыл сайынғы IT-конференциясы өтеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Іс-шара Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғимаратында басталып, оған IT, деректерді өңдеу, жасанды интеллект және цифрлық өнімдер саласындағы 500 маман қатысады деп жоспарланған. Қонақтар қатарында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ Visa, Amazon, Plug and Play және Ymatrix компанияларының спикерлері бар.

Жасанды интеллектіні банк ауқымында қалай енгізуге болады? Төлем жүйелері мен клиенттік тәжірибе қалай өзгеріп жатыр? Қаржылық қызметтердің жаңа буынын дамыту үшін қандай инфрақұрылым қажет? Halyk OIY Tech 2026 конференциясында осы және өзге де мәселелер талқыланады.

Конференцияның негізгі идеясы – бастаулардан цифрлық дәуірге дейінгі даму жолын көрсету. Halyk мамандары мен шақырылған сарапшылар банктің технологиялары, қолданыстағы шешімдері және финтех саласының даму перспективалары туралы баяндайды. Бағдарлама аясында 30 спикер сөз сөйлейді.

Халықаралық тәжірибені Amazon Web Services компаниясының генеративті жасанды интеллект пен қаржылық қызметтерге арналған AI-агенттер саласындағы мамандары, инновациялық экожүйелерді дамытуға маманданған Plug and Play өкілдері және корпоративтік аналитикаға арналған жоғары өнімді деректер платформаларын әзірлейтін Ymatrix сарапшылары ұсынады.

Айта кетейік, алғашқы Halyk OIY Tech конференциясы 2025 жылы өтті. Онда Halyk SuperApp және Onlinebank сервистерінің тәжірибесінен бастап, ауқымды жүйелердің архитектурасы мен финтех саласында жасанды интеллектіні қолдануға дейінгі тақырыптар талқыланды.

Биылғы конференция инженерлік шешімдердің адамдар мен бизнеске арналған қолайлы сервистерге қалай айналатыны туралы пікір алмасуды жалғастырады. Бұл IT-мамандар үшін өзара тәжірибе бөлісуге, күрделі мәселелерді талқылауға және жеке жобаларына жаңа идеялар табуға мүмкіндік береді.

Өтетін күні мен уақыты: 2026 жылғы 29 қазан. Қатысушыларды тіркеу сағат 10:00-де басталады.

Өтетін орны: Алматы қаласы, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Төле би көшесі, 59. 

Қатысу тегін. Алдын ала тіркелу қажет.

Тіркелу сілтемесі: https://halykbank.kz/other/halyk-oiy-tech-2026 

Yorumlar
Diğer Haberler