Павлодар облысы «Сарбаз жолы» жаңа армиялық дәстүрін қолдады

167
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ynGsHLID5SFzNaJgDMbqOtrsw70PBYE8db7o14ge.jpg

Павлодар қаласының Мемлекеттік рәміздер алаңында Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы қатарына шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Павлодар облысы – «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында Қорғаныс министрлігі жүзеге асырып жатқан «Сарбаз жолы» дәстүрін қолдаған үшінші өңір.

Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков, Қорғаныс істері департаментінің өкілдері, әскери-техникалық мектептің курсанттары, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туған-туыстары қатысты.

Өңір басшысы Асайын Байханов жастарға ақжолтай тілегін білдірді. Ол әскери қызметтің тұлға қалыптастырудағы, жауапкершілік, тәртіп пен азаматтық қасиеттерді тәрбиелеудегі маңызын атап өтіп, әскерге шақырылушыларға әскери борышын абыроймен өтеуді тіледі.

«Сарбаз жолы» дәстүрін қолдау нақты іспен де көрініс тапты. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласының Қорғаныс істері басқармасына қызметтік автокөліктің кілтін табыс етті. Жаңа көлік басқарманың күнделікті жұмысын жүргізуге, әскери-патриоттық тәрбие беру және жастарды әскери қызметке шақыру бағытындағы міндеттерді орындауға елеулі көмек көрсетеді.

Өз кезегінде Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков облыс әкіміне «Сарбаз жолы» жобасын іске асыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, облыс әкімдігімен өзара іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі – әскери қызметін аяқтаған жастарды өңірдегі ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.

Сонымен қатар ол әскерде әскери қызметшілерге қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті. Әскери қызметшілерді тұрмыстық қамтамасыз етуге, тамақтандыруға, медициналық қызмет көрсетуге, қауіпсіздікке және ата-аналарымен тұрақты байланысын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.

– Павлодар – еңбекқор әрі мақсатшыл адамдардың өлкесі. Сіздер де білімді, тәртіпті, мықты әрі еліне пайдасы тиетін азамат болуға ұмтылыңыздар. Осы тұрғыдан алғанда, армия сіздер үшін өмірдің, тәртіп пен жауапкершіліктің мектебіне айналады, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары жас сарбаздарға арнап сөйлеген сөзінде.

Іс-шара барысында ардагерлер, қоғам өкілдері мен ата-аналар да жас сарбаздарға жылы лебіздерін білдіріп, әскери қызметтен аман-есен оралуларын тіледі.

Іс-шара жас ұрпақты тәрбиелеуде мемлекет, қоғам және отбасының бірлескен жұмысының маңызды үлгісіне айналды. Сонымен қатар жастардың ел алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастырудың маңызын айқын көрсетті.

 

Yorumlar
Diğer Haberler