Ирандағы бензин өндірісінің тәуліктік көлемі орта есеппен 120 миллион литрді құрайды. Ал тәуліктік тұтыну көлемі 135 миллион литрге жетеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Anadolu-ға сілтеме жасап.
Елдің энергия тиімділігі агентігі төрағасының орынбасары Ясер Мирзаидің айтуынша, импортқа қойылған шектеулерге байланысты елде бензин қорлары жұмсала бастаған.
Иранның студенттік ақпарат агенттігі (ISNA) Мирзаидің елдегі бензин тапшылығына қатысты жағдайға түсініктеме бергенін хабарлаған.
Ирандық шенеунік тамыз айында импортқа қойылған шектеулерге байланысты елдегі бензин қорын пайдалануға тура келгенін жеткізді.
«Қорлар негізінен қысқа мерзімді және төтенше жағдайларға арналған. Қорларды ұзақ әрі тұрақты пайдалану қиындықтарға әкеледі. 2026 жылы туындаған мәселелерге байланысты қордан қомақты көлемде бензин жұмсалды»,–деді ол.
Қазіргі жағдайға байланысты елдегі бензин жеткізілімі мәселесі күрделі сипат алып отыр. Ол алдағы айларда тұтыну көлемі артқан кезде жанармай жеткізіліміне қатысты қиындықтар туындауы мүмкін екенін ескертті.
Мирзаидің айтуынша, соңғы бір айда Ирандағы бензиннің орташа тәуліктік тұтыну көлемі 135 миллион литрді құраған. Соғыс пен экономикалық қиындықтарға қарамастан, энергия ресурстарын тұтыну осы деңгейде сақталған. Алдағы айларда тұтыну көлемі айтарлықтай артпақ.
Ол бұл үшін жаңа инвестициялар қажет екенін атап өтті. Қолда бар ресурстар есебінен өндіріс көлемін арттыру әрекеті отынның әртүрлі түрлерін араластыруға, соның салдарынан оның сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін айтты.
Бұған дейін Иран Мәжілісінің Энергетика жөніндегі комиссиясының мүшесі Риза Сепахванд соғыс жағдайында бензин өндірісінің тәуліктік көлемі 105 миллион литрді құрайтынын мәлімдеген еді.
Егер бензин тұтыну көлемі тәулігіне 135 миллион литр екенін ескерсек, Иранға күн сайын шамамен 15 миллион литр бензин импорттау қажет.
Бұған дейін Иран Парсы шығанағындағы Харк аралының батыс терминалында 25 күнге созылған толық тоқтаудан кейін мұнай тиеу жұмыстарын қайта бастаған.
