Сеутадағы миграциялық қысым. Еуропа елдері шұғыл жиналыс өткізуді ұсынды

90
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RCNr7CHfVXGCbe0f1XF9ciSMtanPimQiPlBg7J8a.webp

Еуропалық Одаққа мүше 22 елдің көшбасшысы Испанияның Сеута эксклавындағы миграциялық дағдарысқа байланысты ЕО басшылығынан «жедел жауап» беруді талап етті. 1 тамызда жарияланған бірлескен хатта заңсыз мигранттардың жаппай ағылуына қатысты «елеулі алаңдаушылық» білдірілген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.

Құжат Еуропалық кеңестің төрағасы Антониу Коштаға, Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйенге және ЕО Кеңесіне төрағалық етіп отырған Ирландияның премьер-министрі Михол Мартинге жолданған. Хатқа Литва, Латвия, Эстония, Италия, Германия, Аустрия, Чехия, Грекия, Мальта, Кипр, Нидерланд, Польша, Словакия, Швеция, Дания, Болгария, Бельгия, Финляндия, Венгрия, Румыния, Словения және Хорватия мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қол қойған.

Хат авторлары ЕО-ның сыртқы шекараларының тұтастығын бұзуға тырысатындардың әрекеттеріне жол бермеуге бел буғандарын мәлімдеді.

«Бақылаусыз жаппай шекара бұзушылықтарға, миграцияны саяси құрал ретінде пайдалануға немесе өзге де гибридтік қатерлерге Еуропалық Одаққа заңсыз кіруге болады, ал заңсыз келген мигранттың мәртебесі кейін заңды тұруға айналуы мүмкін деген түсінік қалыптастыруға жол бере алмаймыз», – делінген хатта.

Көшбасшылардың пікірінше, мұндай түсінік заңсыз шекара кесіп өту әрекеттерін одан әрі ынталандырып, ортақ миграциялық саясатқа деген сенімді әлсіретеді және барлық мүше мемлекетге әсер етеді.

ЕО көшбасшылары Испания мен Марокко арасындағы ынтымақтастықты оң бағалап, соның арқасында заңсыз келген мигранттардың едәуір бөлігі кері қайтарылғанын атап өтті. Олар Еуроодақтың қолдауымен жағдай жақын арада толық тұрақтанады деген үміт білдірді.

Сонымен қатар хат авторлары Ирландияны ЕО Кеңесіне төрағалық етуші ел ретінде ішкі істер министрлерінің кезектен тыс отырысын шұғыл шақыруға үндеді. Жиында ортақ еуропалық жауап шараларын келісіп, қолдау тетіктерін жұмылдыру және Испанияға қажетті көмек көрсету ұсынылған.

Соңғы екі тәулікте Мароккомен шектесетін Испанияның Сеута эксклавына шамамен 60 мың мигрант заңсыз кіріп кеткен. Эксклав халқының саны шамамен 85 мың адамды құрайды. Мароккодан Сеутаға жүзіп өтпек болған ондаған адам суға кеткен. 1 тамыз күнгі түске қарай қаза тапқандар саны 67 адамға жетті. Испания Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шекараны бұзып өткендердің басым бөлігі – 30 жасқа дейінгі жастар.

Испания премьер-министрі Педро Санчес ондаған мың заңсыз мигранттың жаппай өтуін елге жасалған шабуыл және мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзу деп атады. Мадрид 2021 жылдан бері алғаш рет тәртіпті сақтау үшін эксклавқа әскери күштер жіберді.

31 шілде кешінде Испания үкіметі ондаған мың мигранттың құрлықтағы шекара арқылы өз еркімен Мароккоға қайтқанын хабарлады. Сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарестің айтуынша, дағдарыс іс жүзінде еңсерілген. Сеутаға өткендердің басым бөлігі сол уақытқа дейін Мароккоға оралған. EFE агенттігінің мәліметіне сәйкес, соңғы екі тәулікте кері қайтқан заңсыз мигранттар саны шамамен 70 мың адамға жеткен.

Жоғары дайындық режимі Солтүстік Африкадағы тағы бір испан эксклавы – Мелильяда да сақталды. Ақпараттық агенттіктердің хабарлауынша, 1 тамызға қараған түні шамамен 500 адам Марокко жағынан өтіп кетуге әрекет жасап, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне тас лақтырған.

Yorumlar
Diğer Haberler