Жүз жылқы ұрлады деп сотталған жылқышы апелляциядан кейін бостандыққа шықты

229
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FBTt9c6hUbYdsuwAuOqEsFnevx8mIecGBOcYiVEv.png

Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы 60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсеновке қатысты үкімді өзгертіп, оны сот залынан босатты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұған дейін ол 100 бас жылқыны жымқырды деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сотта ұсынылған қосымша дәлелдер нәтижесінде 100 емес, бір ғана жылқының жоғалғаны анықталды. Осыған байланысты сот оның әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағынан 189-баптың 1-бөлігіне қайта саралады.

Апелляциялық сот Рахат Сәрсеновке 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, рақымшылық туралы заңға сәйкес бұл мерзімді 3 айға дейін қысқартты. Қамауда болған уақыты есепке алынғандықтан, жаза өтелген деп танылып, ол сот залынан дереу босатылды.

Сондай-ақ сот материалдық шығын көлемін 30 миллион теңгеден 600 мың теңгеге дейін азайтты.

Қорғаушының мәліметінше, Рахат Сәрсенов 1993 жылдан бері жылқышы болып еңбек еткен. Айыптау тарапы бастапқыда оған 100 бас жылқының жоғалуына қатысты айып таққанымен, апелляциялық сатыда ұсынылған қосымша дәлелдер бұл мәліметтің расталмағанын көрсетті.

Еске салайық, алғашқы инстанция соты оны 100 жылқыны жымқырды деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған.

Yorumlar
Diğer Haberler