Еуропадағы алапат өрт. 330 мыңнан астам адам эвакуацияланды

218
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uATCyEwAG0NyorV0xNVpS00ukJLQ8avc9EQklZer.webp

Соңғы бір апта ішінде Еуропаның бірнеше елінде, әсіресе Франция мен Испанияда орман өрттері тұтанып, жалпы саны 330 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньес өңірдегі жағдайдың «өте күрделі» болып қала беретінін айтып, өрттің «Бордо бағытына қарай жылжып жатқанын» мәлімдеді. Өрт 42 мың гектар аумақты жойып, Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ел тарихындағы ең ірі орман өрттерінің біріне айналған.

Жалпы жыл басынан бері Францияда шамамен 98 мың гектар жер өртеніп кеткен.

Өрттің таралуына құрғақ өсімдіктер мен қатты жел себеп болып отыр. Осыған байланысты Франциядан Испанияға баратын A63 автомагистралінің 60 шақырымдық бөлігі жабылған.

Лоран Нуньес La Tribune басылымына берген сұхбатында өртті толық бақылауға алу үшін «көп уақыт қажет болатынын» айтты. Оның сөзінше, жалын ауыздықталмайынша эвакуацияланған тұрғындар мен туристер үйлеріне қайта алмайды.

Франция билігі өртпен күреске әскери күштерді де жұмылдырған. Қосымша армия бөлімшелері өрт сөндірушілерге өсімдіктерді тазартуға және өртке қарсы қорғаныс жолақтарын жасауға көмектесуде.

Франция президенті Эмманюэль Макрон елдің «бәрін қалпына келтіретінін» және үкіметтің зардап шеккендерге «қажет болғанша көмек көрсететінін» мәлімдеді.

Ал Испанияда орман өрттері әлі де таралып жатыр. Мадрид пен Авила маңындағы аудандардан 90 мыңнан астам адам эвакуацияланған.

Сенбі күні кешке билік Толедо маңындағы кемінде сегіз муниципалитет тұрғындарын да эвакуациялау туралы шешім қабылдаған. Алайда табиғи апаттан қанша адамның зардап шеккені әзірге нақтыланбаған.

Мадрид автономиялық қауымдастығының басшысы Исабель Диас Аюсо бұл жағдайды «өңір тарихындағы ең қорқынышты өрт» деп атады. Ал Испания премьер-министрі Педро Санчес алда «қиын кезеңдер күтіп тұрғанын» ескертті.

Сенбіден жексенбіге қараған түні Валенсия жағалауына жақын маңда өрттің жаңа ошағы пайда болды.

«Өрт біздің мүмкіндіктерімізден асып түсті», – деді Валенсия өңірінің басшысы Хуанфран Перес Льорка.

Ел билігі өрт салдарынан бір ер адамның қаза тапқанын растады.

 

Yorumlar
Diğer Haberler