«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды  штабы ашылды

146
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9zZEpddvDYxfMQShuxR8pCg8wvDzUUYigCxekWgJ.jpg

«Әділет» партиясы Құрылтайы депутаттарының сайлауына арналған үгіт-насихат науқанына ресми түрде кірісіп, республикалық штабын ашты. Қазіргі таңда ел бойынша 20 аймақтық және 226 аумақтық штаб ашылды, ал шараларға 30 мыңға жуық сенімді өкіл жұмылдырылған.

Республикалық штабтың ашылуы барысында партия төрағасы Айбек Дәдебай саяси науқанның маңызына тоқталып өтті. Сондай-ақ ол алдағы Құрылтай сайлауы елдегі конституциялық реформалардың заңды жалғасы екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалары елімізде түбегейлі, оң өзгерістерге жол ашып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдей түсті. Биылғы жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция саяси жүйеміздің жаңа архитектурасын қалыптастырып, мемлекеттілігімізді нығайта түсуге кепілдік болып отыр. Осы орайда, алдағы өтетін сайлау да  конституциялық өзгерістердің заңды жалғасы болмақ», – деді ол.

Оған қоса Айбек Дәдебай партияның «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасы қоғамның сұраныстары негізінде әзірленгенін айтты. Құжатты дайындау кезінде тұрғындардың ұсыныстары QR-кодтар арқылы жиналып, сарапшылар қатысуымен стратегиялық сессиялар ұйымдастырылған. Сонымен қатар партия арнайы әлеуметтік зерттеулер мен сауалнамалар жүргізіп, елдегі негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелер сараланған.

Партияның бағдарламасы елдің ұзақ мерзімді дамуына арналған 10 басым бағытты қамтиды. Онда заң үстемдігін нығайту, өңірлік саясатты жаңғырту, әділ әрі бәсекелі экономиканы қалыптастыру, цифрлық мемлекетті дамыту, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, адам капиталын күшейту және азаматтық жауапкершілікті арттыру сияқты маңызды міндеттер белгіленген.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, ұсынылған бағдарлама қазіргі мемлекеттік саясатпен үйлесім тапқан және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформалардың жалғасы ретінде көрінген. Оның пікірінше, құжат қоғамның әлеуметтік сұраныстары мен қоғамдық пікірді ескерген.

«Партия непотизм мен кландық жүйенің қалдықтарын жоюды, цифрландыру арқылы шешім қабылдаудағы адами факторды барынша азайтуды, «Еститін мемлекет» қағидатын күшейтуді, даму басымдықтары әртүрлі бес макроөңір қалыптастыруды, экономиканың шикізаттық моделінен арылуды, халық табысын арттыруды, инвестициялық ахуалды жақсартуды, шағын және орта бизнесті дамытуды, жасанды интеллектті пайдалана отырып заңнамаға ревизия жүргізуді, AI Hub пен деректерді өңдеу орталықтарының алқабын іске қосуды, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ұлттық науқанды бастауды ұсынып отыр. «Әділет» мемлекеттік басқару, экономика, әлеуметтік сала, экология және құқықтық саясаттың барлық негізгі бағыттарын қамтып, олардың басым бөлігінде жасанды интеллект құралдарын кеңінен қолдануды ұсынады. Бұл да бүгінгі жүргізіліп отырған саясаттың бағытына сай келеді», - дейді ол.

Сарапшының сөзінше, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында ұсынылған бастамалардың басым бөлігі дәстүрлі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған дәстүрлі тәсілдерге негізделген. Алайда олар қазіргі саяси жағдай мен елдің даму ерекшеліктерін ескере отырып жаңартылған.

Қорытындылай келе, «Әділет» партиясы әлеуметтік қолдау, экономиканы әртараптандыру және цифрлық трансформация бағыттарын қамтитын ауқымды сайлауалды бағдарлама ұсынған. Бағдарламада қойылған мақсаттар мен міндеттердің іске асуы партияның саяси әлеуетіне, қаржылық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ оларды жүзеге асыруға арналған нақты тетіктердің тиімділігі мен мемлекеттік институттардың үйлесімді жұмысына тәуелді. Сондықтан бағдарламаның нәтижелілігі оның мазмұнынан ғана емес, оны іс жүзінде орындау деңгейінен де көрінетін болады.

Дайындаған: 
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Yorumlar
Diğer Haberler