«Газпромға» қарсы «Нафтогаздың» пайдасына шығарылған үкім қайда? Астанадағы сот өз шешімін өзі жойды

137
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7ylfjgMmPsflIZx2lc5AwFIsCHZNOqVsry8h55GQ.webp

Астана халықаралық қаржы орталығының соты «Газпромнан» украиналық «Нафтогаз» компаниясының пайдасына 1,4 млрд доллар өндіріп алу туралы бұрын шығарылған шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Активтерге тыйым салу туралы бастапқы шешімді 2026 жылдың мамырында британдық судья Эндрю Спинк шығарған болатын. Алайда жаңа шешімінде судья Лорд Фолкс АХҚО соты тек үш санаттағы дауларды қарай алатынын атап өтті. Олар – орталыққа қатысушылар арасындағы даулар, орталық аумағында жасалған операцияларға қатысты істер және тараптар өзара келісіммен оның қарауына берген даулар. Ал «Нафтогаз» бен «Газпром» арасындағы дау бұл талаптардың ешқайсысына сәйкес келмейтіні айтылды.

Екі компания арасындағы жанжал 2019 жылы Ресей газын Украина аумағы арқылы тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі келісімшарттан туындаған. 2022 жылдың мамырында Украинадағы соғыс салдарынан «Сохрановка» станциясы арқылы транзит қиындап, кейін жеткізілімдер «Суджа» бекеті арқылы жалғасқан.

«Нафтогаздың» мәлімдеуінше, балама бағыт жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, «Газпром» транзит қызметтері үшін төлемді толық көлемде төлеуден бас тартқан. Бұл жағдай арбитражға жүгінуге негіз болған.

2025 жылдың маусымында арбитраждық трибунал «Газпромды» жауапты деп танып, компанияны берешекті, пайыздарды және сот шығындарын төлеуге міндеттеді. Ал 2026 жылдың қаңтарында Швейцарияның Федералдық трибуналы «Газпромның» бұл шешімге шағымдану әрекетін қанағаттандырмады.

Осыдан кейін «Нафтогаз» әртүрлі юрисдикцияларда «Газпромның» активтерін өндіріп алуға кірісті. Қазақстан да осы науқан жүргізілген елдердің бірі болды. Алайда Астана халықаралық қаржы орталығының соты ақыр соңында мұндай талапты қарауға өкілеттігі жоқ екенін мәлімдеді.

 

Yorumlar
Diğer Haberler