Депутаттар "Маша мен Аю" мультсериалының көрсетілуіне қарсы шықты

177
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1WZWtrtqg1HkZl2m8UK1K8zfMRRKuQbeFiHV5xHu.webp

Ұлыбритания парламентінің 50-ден астам депутаты елдің мәдениет министрі Лиза Нандиге ресейлік «Маша мен Аю» мультфильмін платформаларда көрсетпеу жөнінде шара қабылдауға шақырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеп.

Депутаттардың үндеуіне Netflix платформасының мультфильмнің сегізінші және тоғызыншы маусымдарын көрсету құқығын сатып алып, алдыңғы маусымдарға арналған лицензияны әлемнің 100-ден астам елінде ұзарту туралы шешімі себеп болған.

Парламент мүшелерінің пікірінше, мультсериал Ресейдің «жұмсақ күш» саясатының құралы ретінде қолданылып, балалар аудиториясына насихатталуда.

Негізгі сын 2010 жылы жарық көрген «Шекара күзетінде» эпизодына қатысты айтылған. Онда басты кейіпкер Маша кеңес қызметкерлерінің бас киіміне ұқсас фуражкамен, кейін танкист шлемімен бейнеленген.

Сондай-ақ депутаттар 2015 жылы Animaccord студиясының ағылшын тіліндегі X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Машаның кеңестік әскери бас киіммен жарияланған суреті мен «Енді мен әскердемін» деген жазбасын мысалға келтірген. Олардың пікірінше, мұндай бейнелер балалар арасында кеңестік әскери рәміздерді қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға ықпал етуі мүмкін.

Қазір мультсериал Ұлыбританияда Netflix-пен қатар ITVX платформасында да көрсетіліп келеді. Үндеу авторлары балаларға арналған контентті мұқият тексеру қажет екенін атап өтті.

Ал Animaccord студиясы тағылған айыптарды жоққа шығарды. Компания өзінің жекеменшік ұйым екенін, мемлекеттік қаржыландыру алмайтынын және 2025 жылы Ресейдегі қызметін толық тоқтатқанын айтқан. Студия өкілдерінің сөзінше, «Маша мен Аю» мультсериалы достық, мейірімділік және өзара сыйластық туралы баяндайды және онда ешқандай саяси астар жоқ.

Бұған дейін Эстония, Литва, Украина және бірқатар батыстық сарапшылар аталған мультсериалды Ресейдің мәдени ықпал ету құралы ретінде бірнеше рет сынға алған.

Yorumlar
Diğer Haberler