Қара сөздің дарабозы Қабдеш Жұмаділовке тағзым

152
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zm9wA2OzlvFfOFENkGzMdIH4H7rk3zkkWOaxhYWN.jpg

Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен кітапхана шаңырағында Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған «Тағдыры ұлтпен үндескен дарабоз жазушы» атты еске алу кеші өтті.

Шараға жазушының ұлдары — Арман, Дәрмен, Дәулет, Жәнібек пен тұңғыш немересі Ерасыл Жұмаділ және зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен студент жастар қатысты.

Кеш барысында қонақтар қаламгер шығармашылығынан сыр шертетін құнды еңбектер мен сирек басылымдар, архивтік материалдар негізінде жасақталған «Қара сөздің дарабозы» атты кітап көрмесімен танысты. Көрмеде жазушы мұрасына қатысты тың деректер мен әдебиет әлеміндегі орны кеңінен таныстырылды.

Сонымен қатар, «Атамұра» корпорациясының демеушілігімен жарық көрген «Тағдыр» кітабының жаңа басылымы көпшілік назарына ұсынылып, оның салтанатты тұсаукесері өтті. Тұсаукесер рәсімін көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, Түркі дүниесі Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақын, академик, профессор Ұлықпан Сыдықов және қаламгердің ұлы Арман Қабдешұлы жасады.

Жиында «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, Арман Қабдешұлы, Ұлықпан Сыдықов және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиетіндегі орны, ұлттық руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесі туралы тағылымды ойларымен бөлісті.

«Тағдыр» романының жаңа басылымына ақ жол тіленіп, бұл еңбек руханиятқа қосылған маңызды құндылық ретінде жоғары бағаланды.

Кеш барысында Қабдеш Жұмаділовпен бірге ұлы көштің тағдырын бөліскен замандасы, зейнеткер, этнограф-тарихшы, Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі Мұхаметқазы Мұхамадиұлы және бірқатар тарихшы-ғалымдар мен әдебиеттанушылар жазушы шығармашылығы туралы ғылыми пікірлерін ортаға салды.

Сағыныш пен тағзым тоғысқан, рухқа құрмет көрсетілген бұл қасиетті сәт — ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың, тарихи жады мен рухани сабақтастыққа деген терең құрметтің айқын көрінісі болды.

 

Рима Жүндібаева,

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының

Дамыту бөлімінің басшысы

Yorumlar
Diğer Haberler