Сирия президенті Ахмед аш-Шарааның әкесі Хусейн аш-Шарааның Дейр-эз-Зор провинциясының тұрғындарына қатысты айтқан сөздері қоғамда үлкен резонанс тудырып, аймақта наразылықтарға себеп болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Телевизиялық сұхбат кезінде Хусейн аш-Шараа Дейр-эз-Зор тұрғындарына қатысты қорлау сипатындағы сөздерді айтқан. Бейнежазба әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін провинцияда наразылық акциялары өтті.
Жағдайға президент Ахмед аш-Шараа араласып, Дейр-эз-Зор губернаторы Зияд әл-Айяш арқылы аймақ өкілдерімен байланыс орнатты.
Мемлекет басшысы әкесінің айтқан сөздері үшін кешірім сұрап, ел бірлігін сақтаудың маңызын атап өтті.
«Әкемнің сөздері Дейр-эз-Зор тұрғындарын ренжітпей тұрып, алдымен менің көңіліме тиді. Сіздердің құқықтарыңыз қорғалған. Дейр-эз-Зор халқы — біздің достарымыз. Әкемнің атынан кешірім сұраймын», — деді президент.
Сирияның шығысында орналасқан Дейр-эз-Зор мұнай қорына және географиялық орнына байланысты елдегі стратегиялық маңызды аймақтардың бірі саналады. Сириядағы қақтығыс жылдары бұл провинция бірнеше рет түрлі қарулы топтар арасындағы шайқас алаңына айналған.
Соңғы уақытта Сирия билігі орталық үкімет пен жергілікті халық арасындағы байланысты нығайту мақсатында аймақтың ру басшыларымен және қоғам қайраткерлерімен қарым-қатынасты күшейткен.
