Терезеден төнген қауіп. Петропавлда сәуір айында үш бала зардап шекті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gSHluWkkGUGC3HL0iXyVvujPvpHO669WWA1ri1yP.jpg

Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмағандардың терезеден құлау деректері алаңдаушылық тудырып отыр. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Әсет Шайкиннің мәліметінше, соңғы оқиға 25 сәуір күні Петропавл қаласындағы «Каштан» саяжай қоғамында болған, деп хабарлайды "Адырна".

11 жасар қыз үш қабатты үйдің екінші қабатындағы терезеден құлап түскен. Жарақаттанған жасөспірім облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. 

"Статистикаға сүйенсек, мұндай оқиғалардың шамамен 90% 2-5 жасқа дейінгі балалар зардап шегеді. Бұл жаста балалар қоршаған ортаға қызығушылығы жоғары, танып-білгісі келеді, ал қауіп сезімі әлі толық қалыптаспаған. Ересектердің қарауынсыз қалған бала терезе жақтауына шығып, москит торына сүйенуі мүмкін. Мұндай жағдайда тор салмаққа шыдамай, бала онымен бірге төменге құлап кетеді", - дейді Әсет Шайкин.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті полиция, білім беру ұйымдары және еріктілермен бірлесіп алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. Мектептер мен балабақшаларда, ата-аналар жиналыстарында тұрмыстық қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, көпқабатты үйлердің аулаларында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылған. 

"Балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу үшін баланы ешқашан қараусыз қалдырмаңыз. Терезе маңына жиһаз қоймаңыз. Үйде бала болса, терезені ашық қалдырмаған жөн. Қазіргі уақытта терезелерге арналған бекіткіштер, блокираторлар, қауіпсіздік құлыптары бар. Ал ата-ана міндеттерін дұрыс орындамау жауапкершілікке әкеледі", - дейді басқарма бастығы.

Мамандардың айтуынша, үш жағдайда да кәмелетке толмағандардың терезеден құлауына байланысты ата-аналарына қараусыз қалдырғаны үшін ҚР Әкімшілік кодекстің 127-бабы бойынша хаттама толтырылды.

 

Yorumlar
Diğer Haberler