Кішкентай рөл болмайды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KZAh9odwEveWQpW7ehvapSIhBClqiT6h8Ai9cMOZ.jpg

2017 жылы мамыр айында біздер Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің 1 курсын аяқтап, жазғы емтиханымызды тапсырып болған кезіміз еді. Ол жылдары болашақ актер замандастастарымыздың емтихандағы ойындарын көріп, бір-бірімізбен пікір алмасатынбыз.

Сол емтиханның бірінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров жетекшілік ететін «музыкалық театр актері» мамандығының 1 курс студенттерінің емтиханын тамашаладық. Аталмыш курстың ерекшелігі олар бағдарламаға сәйкес, этюд емес, шығармалардан үзінді яғни 2 курстың бағдарламасын игергенін байқадық. Бұл сол уақыттарда университетіміздің тарихында болмаған құбылыс болды. Курс жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Асхат Максимұлы енгізген жаңашылдықпен сахналаған  М.Әуезовтің «Қаракөз», А.Чеховтың «Шағала»,  Ж.Пресгювниктің «Ромео-Джульетта» туындылары ұсынылды. Аталған үзінділерде Нарша мен Ромео бейнесінде көрінген Арапов Абзалдың ойыны есіме сақталыпты. Абзалдың сол кездегі Наршасы Қаракөзді шын сүйетін, сүйе тұра оған қол тигізбей адалдығын сақтаған кейіпкер болды.  Абзал-Көкшетау өңірінің тумасы. Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермендер театрының құрылған күнінен бастап қызмет етіп келеді. Әр жанрдағы кейіпкерлерімен көрермен қошеметіне бөленіп жүр.

Абай бейнесін жасау кез-келген актердің басына қона бермейтін бақ. Бірақ, бұл бақ Арапов Абзалдың бағына қонғанын жақсы білеміз. Абзал Е.Аманшаевтың «Шәкәрім» музыкалық драмасына Абай рөлін ойнады. Абзалдың Абайы-келешекке үмітпен қарайтын, ел ертеңіне сеніммен үлес қосуды қалайтын Абай болды.

Бұл актердің рөл жасаудағы ерекшелегі еді. М.Омарованың «Шәмші» мюзиклі театр сүйер қауымның сүйікті қойылымарының біріне айналды. Бұл мюзикліде Абзал Ахмет Жұбанов бейнесін кескіндейді. Абзал-Ахмет Жұбанов-жас Шәмші Қалдаяқов үшін рухани ұстаз, өнердегі жол көрсетуші ретінде көрінеді. Ол Шәмшінің талантын танып, оған сенім артады.Абзал-Ахмет Жұбанов бейнесі мюзиклде тек тарихи тұлға емес, ұлттық өнердің биік идеалын, ұстаздық дәстүрді және шығармашылық жауапкершілікті білдіретін терең образ. Абзал-Ахмет Жұбанов Шәмші Қалдаяқовтың қалыптасуына әсер еткен маңызды тұлға ретінде ашылады.  

К.Станиславскийдің: «Кішкентай рөл болмайды, кішкентай актер болады»-дейтін қанатты сөзі бар. Абзал сахна алаңына қай рөлде көрінсе де, көрерменнің есінде сақталып қалады. Сөзімізге,  «Гаухартас» музыкалық драмасындағы Қабен ақсақал бейнесі дәйек бола алады. Абзалдың орындауындағы Қабен-бойында даналығы, парасаттылығы басым ақсақал.

А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» музыкалық драмасында Абзал-Никуллин бейнесін жасайды. Абзал бейнелеуіндегі Никуллин – сырттай қарағанда көптің бірі, ерекше көзге түсе бермейтін адам. Бірақ оның ішкі жан дүниесі терең, өмірге деген көзқарасы қайшылыққа толы. Никуллин – шынайы сезімді аңсайтын адам. Ол махаббат арқылы өмірінің мәнін табуға тырысады. Бірақ оның сезімдері әрдайым жауап таба бермейді, бұл оның ішкі драмасын күшейтеді. Абзал-Никуллин әйелін қанша жерден сүймеймін деп, безінсе де, оның жанарынан қимастық, ішкі аяушылық сезімді байқаймыз.

Абзал осы арқылы Никуллинің де, жан-дүниесінде мейрімділік жатқанын аңғартады. Көрнекті театр сыншысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ә.Сығай: «Талант – жаратылыстан сүйексіңді қасиет. Жас талапкер бойындағы бар талантын еңбек қорлықпен жалғастыра алса ғана мақсатына жетеді»-деген өсиет сөзі бар. Абзал еңбекқорлығымен мақсатқа жетіп жүргені рөлдерінен байқалады. Замандасымыздың кейіптер бейнелері азаймасын!

Бахтияр Тұрсын
Театртанушы

Yorumlar
Diğer Haberler