Ғылымды дамытуға қауқарсыз филиалдардың қажеті жоқ — Президент

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OuJuEXMJr1HvjVj7eClhhMEJZsfD8i4LAyPqckZz.webp

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бастамасы үш жыл бұрын көтерілгенін еске салды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты. Мемлекет басшысының айтуынша, шетелдік университеттердің әрбір филиалы Қазақстандағы жоғары білім беру сапасын арттырып, бәсекелестікті күшейтуі тиіс.

"Бұл бастама, ең алдымен, жастарға өз елінде сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, халықаралық білім беру бағдарламалары мен озық стандарттарды енгізуге жол ашады, — деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі таңда Қазақстанда 30-дан астам шетелдік жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді. Олардың қатарында Мәскеу инженерлік физика институты, Аризона университеті, Сорбонна университеті, Кардифф университеті, Де Монтфорт университеті және Бейжің тіл және мәдениет университеті бар.

Алайда Президент бұл жұмыстың тек сан қуумен шектелмеуі керектігін атап өтті.

"Бізге есеп үшін ашылған, ұлттық ғылымды дамытуға қауқарсыз филиалдардың қажеті жоқ. Негізгі назар сапада болуы тиіс", — деді ол.

Мемлекет басшысы елдің болашағы білім мен ғылымның дамуына тікелей байланысты екенін атап өтті.

"Біз адам капиталының сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет. Еліміздің ғылыми және академиялық қауымдастығының барлық өкіліне қарата айтқым келеді. Қазақстанның ертеңі қандай болады, қаншалықты жаңашыл әрі озық елге айнала аламыз? Бұл сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жұмыстарыңыздың нәтижесіне, ашқан жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Баршамыз күш жұмылдыра отырып, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыра алатынымызға сенемін.", — деді Президент.

Ол сондай-ақ келешек ұрпақ бүгінгі мүмкіндіктерді тиімді пайдаланбаған жағдайда оны кешірмейтінін айтып, Қазақстанды әділетті әрі қуатты мемлекетке айналдыру – ортақ міндет екенін жеткізді.

"Келер ұрпақ біздің кейбір кемшіліктерімізге көз жұма қарайтын шығар. Бірақ олар Қазақстанды Әділетті, Қуатты мемлекетке айналдыратын, заң мен тәртіп, тазалық, табиғатты аялау, білім және ғылым салтанат құратын мүмкіндікті мүлт жібергенімізді ешқашан кешірмейді. Қазақстан осындай ел болуы керек. Біздің түпкі мақсатымыз – осы", - деді Мемлекет басшысы.

 

Yorumlar
Diğer Haberler