Атырауда балаларды ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу жобасы іске қосылды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/V4LrRTYVJrUyezyzBgSEPTlK0kS5urYz2yN3HDWr.jpg

Атырау облысында Республикалық «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» жобасына қаңтар айынан бастап 5 мектепке дейінгі ұйым қатысып келеді. Оның ішінде 3 мемлекеттік және 2 жекеменшік бөбекжай-бақша бар, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жобаға 4–5 жас аралығындағы 581 бала қатысып, 43 педагог тартылған. Сонымен қатар BabySkills – әлемдік деңгейде қолданылатын JuniorSkills пен WorldSkills бағдарламаларының жалғасы. Оның ерекшелігі – балаларды мамандықтармен таныстыру балабақша кезеңінен басталады.

Осының арқасында балалар әртүрлі мамандықтармен танысып, еңбек пен кәсіп дағдыларын ойын және тәжірибе арқылы меңгереді. Бұл олардың ерте жастан қызығушылығын оятып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

– Атырау облысынан Атырау қаласындағы №29 «Нұрсая», №39 «Ақ көгершін» бөбекжай-бақшалары, жекеменшік «Мирас» және «Алтын сақа» бөбекжай-бақшалары, сондай-ақ Махамбет ауданындағы «Алтын-Ай» бөбекжай-бақшасы қатысып отыр. Жоба аясында балабақшаларда балаларға арналған зергерлік, аспаздық, тігіншілік, инженерлік зертхана, құрылыс алаңы, жылыжай мен бау-бақша, сондай-ақ қолөнер бағытындағы тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылуда. Бұл балалардың еңбекке деген қызығушылығын ерте жастан қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Атырау облысы Білім беру басқармасының бас маманы Гүлсім Гильманова.

Yorumlar
Diğer Haberler