Таяу Шығыстағы қақтығыс. Мұнай бағасы күрт өсті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WLTYEB6bxDQT9FHEmK7faqEWwcPHIo0wHhMUwlNP.webp

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылы басталғаннан кейін мұнай бағалары күрт көтерілді. Лондондағы ICE Futures Europe биржасында мамыр айына арналған Brent маркалы мұнай келісімшарттарының бағасы 13,04%-ға артты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Кеше кешке мұнайдың бір баррелінің бағасы 82,37 долларға жетті. Астана уақытымен таңғы 6:00-де  өсу қарқыны 8,93%-ға баяулап, баға 79,38 долларға жетті. Кейін котировкалар 77–78 долларға дейін түсті. Осылайша, нарық бірнеше сағат ішінде 6 доллардан астам диапазонды өтті.

Бағаның тұрақсыз болуына Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімнің тоқтап қалу қаупі себеп болып отыр. Бұл – Иран мен Оман арасындағы стратегиялық теңіз дәлізі, ол арқылы әлемдік мұнай саудасының шамамен 20%-ы және сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің 30%-ы өтеді.

Иран бұғаз арқылы сауданы әрі қарай хабарлама берілгенге дейін тоқтатқанын жариялады. Reuters агенттігінің дерегінше, кем дегенде 150 танкер бұғазға кіре алмай, қоршауға ілінген.

Ормуз бұғазы арқылы күніне 17–20 млн баррель мұнай өтеді. Тіпті қозғалыстың ішінара тоқтауы күніне 8–10 млн баррель тапшылық тудыруы мүмкін, бұл әлемдік тұтынудың шамамен 10%-ына тең. Көптеген аналитиктердің пікірінше, төрт аптаға созылған қақтығыста жеткізілмеген мұнай көлемі 200–300 млн баррельге жетуі мүмкін, ал баға қысқа мерзімде барреліне 80–120 долларға дейін көтерілуі ықтимал.

Yorumlar
Diğer Haberler