КҚК-ға шабуыл. Қазақстан экспортқа деген 3,8 млн тоннадай мұнайын жоғалтты

591
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/a4RdclLr1AEl4NUXndy3OdnM31RdTalwB0TP5QvW.png

Қазақстан Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына жасалған шабуылдар салдарынан шамамен 3,8 млн тонна мұнайды экспорттай алмады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Министрдің айтуынша, әңгіме нақты қаржылық шығындар туралы емес, белгіленген мерзімде тасымалданып, сатылмай қалған мұнай көлемі жөнінде болып отыр.

«КҚК (Каспий құбыр консорциумы) бойынша біз шамамен 3,8 млн тонна жоғалттық. Егер жоспарлар туралы айтсақ, иә, біз оны орындадық», – деді Ақкенженов Мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ ол шығын көлемі туралы нақты жауап бере алмайтынын атап өтті.

«Бұл мұнай тасымалданбады және әлі сатылған жоқ. Ол алдағы курс бойынша сатылады. Мұнай сатылғаннан кейін ғана мәмілелер бойынша барлық дерек қолымызда болады, содан соң нақты сандар туралы айтуға мүмкіндік туады», – деп түсіндірді Энергетика министрі.

Ақкенженов мұнайдың қазір сақтауда тұрғанын және кейінірек сатылатынын айтып, экспорт пен ел табысына әсерін түпкілікті бағалау тек оны сатқаннан кейін ғана мүмкін болатынын жеткізді.

Бұған дейін министр КҚК-ға жасалған шабуылдан кейін Қазақстан шығын көлемін есептеп жатқанын хабарлаған болатын.

Yorumlar
Diğer Haberler