Хаменеи "бірнеше мың" адамның қазасын мойындап, АҚШ-ты айыптады

101
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9FvHjPkPj9d8gf5Ol3OZIYbk75PMTVAsvgRerIpX.jpg

Фото: Global Look Press/IMAGO/Iranian Leader Press Offic

Иранның діни көшбасшысы, аятолла Әли Хаменеи елді шарпыған наразылықтарға байланысты жасаған мәлімдемесінде бұл оқиғаларға Израиль мен АҚШ-ты кінәлап, президенті Дональд Трампты тікелей айыптады. Сондай-ақ Хаменеи алғаш рет наразылықтар кезінде "бірнеше мың" адамның қаза тапқанын ашық түрде мойындады.

Әли Хаменеи бүкіл ел аумағын қамтыған соңғы наразылықтар барысында мыңдаған адам өмірінен айырылғанын алғаш рет көпшілік алдында растады. Тегеранда халыққа жасаған үндеуі кезінде айтылған бұл мәлімдеме осы уақытқа дейін Иран басшылығы қолданып келген риторикадағы маңызды бетбұрыс ретінде бағаланды. Хаменеи қаза болғандарға Израиль мен АҚШ-ты кінәлі деп көрсетті.

Өз сөзінде Хаменеи наразылықтарды «бүлік» деп атап, Израиль мен АҚШ-пен байланысты топтар бұл оқиғаларды арандатқанын айтты. Оның айтуынша, «Израиль және АҚШ-пен байланысы бар күштер Иранды екі аптадан астам уақыт бойы шайқаған наразылықтар кезінде үлкен зиян келтіріп, мыңдаған адамды өлтірді».

АҚШ президенті Дональд Трампты нысанаға алған Хаменеи наразылықтардың артында Вашингтон тұрғанын мәлімдеді.

«Соңғы арандату — Американың бүлігі. АҚШ-тың мақсаты Иранды жұтып қою болды. Біз АҚШ президентін иран халқына келтірілген зиян, адам шығыны мен бағытталған жала үшін кінәлі деп санаймыз», — деді ол.

Иран шиеленісті ел шекарасынан тысқа шығарғысы келмейтінін айтқан Хаменеи сонымен қатар кінәлілер жазасыз қалмайтынын атап өтті.

«Біз елді соғысқа апармаймыз, бірақ жергілікті немесе халықаралық қылмыскерлердің жазасыз қалуына да жол бермейміз», – деді ол қатаң мәлімдеме жасап.

Хабарларға сәйкес, қазір наразылықтар кезінде енгізілген интернетке шектеулер ішінара жеңілдетілген. Ирандық БАҚ кейбір аймақтарда интернет пен SMS қызметтері қайта қолжетімді болғанын хабарлады. NetBlocks интернет-бақылау тобының мәліметінше, шамамен 200 сағатқа созылған бұғаттаудан кейін байланыс біршама қалпына келе бастағанымен, қолжетімділік қалыпты деңгейдің небәрі 2 пайызына жеткен.

Елдегі наразылықтар кезінде күштік құрылым өкілдерін, наразылық білдірушілерді және бейбіт тұрғындарды қоса алғанда, жалпы 3090 адамның қаза тапқаны хабарланды. Хаменеи бұл шығынды алғаш рет ашық түрде мойындауы Ирандағы оқиғаларға қатысты ресми риторикадағы елеулі өзгеріс ретінде бағаланды.

Yorumlar
Diğer Haberler