Қош бол, рақымшылық. Амнистия шапағатын көргендер саны айтылды

145
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XusAXn4Bl5bwrYi6ldmjWapgoBtgND9z9Xqb87mq.jpg

Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында 2 мыңнан астам азамат қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босатылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Комитеттің хабарлауынша, рақымшылық шаралары аясында соттар барлығы 15 970 ұсынысты қараған.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соттар 15 970 ұсынысты қарады. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 2 мыңнан астам адам, оның ішінде әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылды», – делінген ресми ақпаратта.

Сонымен қатар, рақымшылыққа іліккендердің бір бөлігіне қатысты жаза мерзімі де қысқартылған.

«Соттар 11 мыңнан астам сотталушының жаза мерзімін қысқартты», – деп нақтылады ҚАЖК.

Комитет өкілдерінің айтуынша, рақымшылық әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қамтыған.

«Рақымшылық кәмелетке толмағандарды, балалы әйелдерді, жүкті әйелдерді, мүгедектерді және қарт адамдарды қамтыды. Заң пенитенциарлық жүйеге түсетін жүктемені азайтуға және әлеуметтік әділеттілікті қолдауға мүмкіндік берді», – деп атап өтті ведомство.

 Бостандыққа шыққан азаматтардың барлығы пробация қызметінің тұрақты бақылауына алынған. Сондай-ақ олар полицияның жеке есебіне қойылып, қоғамға бейімделу үдерісі қадағаланады.

Yorumlar
Diğer Haberler