Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

288
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7OG8UF9ia1Xa7VF8OwKmbtJNyyKButovCDgnFJ07.webp

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа 2026 жылмен құттықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мемлекет басшысының жаңажылдық құттықтауы отандық телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Құттықтау сөзінде президент 2025 жылдың ел үшін табысты болғанын атап өтті. Оның айтуынша, күрделі жаһандық жағдайға қарамастан, Қазақстанның экономикасы өсіп, ішкі жалпы өнім 6 пайыздан асты. Алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асып, елге ірі инвестициялар тартылды.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымдық жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда, «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып, бұл Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі теміржол құрылысы ретінде бағаланды. Сонымен қатар, 13 мың шақырым автокөлік жолы салынды және жөнделіп жатыр.

Президент ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше мән берілгенін айтты. Соңғы екі жыл қатарынан диқандар мол өнім алып, бұл салаға бұрын-соңды болмаған көлемде — 1 триллион теңге қаржы бөлінді. Биыл ел бойынша 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы баспаналы болды.

Әлеуметтік салада да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқан. Жүзден астам мектеп пен екі жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Шетелдік жетекші университеттердің филиалдары ашылып, адам құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты нығая түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Оның айтуынша, озық технологиялар еліміздің барлық саласындағы әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет цифрлық мемлекет құру, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастырады.

Сондай-ақ президент өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету басты міндет екенін атап өтті. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында үшінші жыл қатарынан әр баланың есепшотына қаражат аударылады.

Құттықтау соңында мемлекет басшысы қазақстандықтарға амандық, бірлік және табыс тілеп, алдағы жылдан мол жақсылық күтетінін жеткізді.

Yorumlar
Diğer Haberler