«Қазақша сөйлеңіз!» АҚШ-та туып, Ұлыбританияда тұратын Керей

226
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AbVVkmTOpQiUkz2hDcubcU6JHjmf3fHC9L1DRN3Z.jpg

Биыл 26-27 қарашасында Ұлыбритания астанасында жасанды интеллект тақырыбына арналған конференция өтті. АІ саласында айтары бар әлемдік  дәрежедегі компания басшылары мен осы тақырыпты зерттеп жүрген зерттеушілердің басы Лондонда тоғысты.

«АІ World Congress-2025» деп аталған бұл іс-шараға АІ-ға негізделген компания ашқан басшылар да келіп, өнімдерін көрмеге қойып, конференция қатысушыларына өз компаниясы туралы егжей-тегжейлі айтып беру мүмкіндігіне ие болды. Негізгі баяндамалардың ортасында шай-үзіліске шыққан кезде, сондай шағын уорк-шоптарға біз де куә болып жүрдік. «Snapshot AI» деген компания өкілдерінің жанына келгенде, қастарында тұрып қалдым. Ағылшынша ағып тұрған жігіт те, қыз да қазаққа қатты ұқсайды екен. «Қазақ сияқты». Ойыма оралған алғашқы сөз осы. Дәлел іздегендей, жан-жағына қарай бастадым. Таптым! Алдарында тұрған екі ноутбуктың бірінде Қазақстанның жалауының суреті жапсырылған екен. «Айттым ғой, қазақ!». Бірақ бір нәрсе мені әлі де тежеп тұр. Шынымен де қазақ па екен? Қазақ болмаса ше? Бұл жерде тек ағылшын компаниялары жиналған  сияқты ғой, Қазақстаннан келгенге ұқсамайтын сияқты ма? Бәлкім  ту суретін жай ғана естелік етіп жапсырып алған шығар? Бірден қазақша сөйлей берсем бе екен? Түсінбесе ше? Алдымен ағылшынша бастай бергенім жөн бе?.. Дем арасында он шақты сұрақты өзіме қойып үлгердім. Менің алдымда тұрған адамға компаниясы туралы айтып біте салысымен, қыздың жанына жақындадым. Тәуекел! «Сәлеметсіз бе! Сіз қазақсыз ба?» «Сәлеметсіз. Иә, негізі... анам қазақ». Ханике. Бұл сүйкімді арудың есімі Ханике екен. Қазақша сөйлесуге барынша тырысып тұр. Толық жауап беруге қиналыңқыраса да: «Айта беріңіз, мен бәрін түсінемін!» деп қояды. Сол сәтте қасымызға жанындағы жігіт келді. Ағасы екен. «Атым Керей! Анамыз – қазақ. Әкеміз – қырым татары. Ал мен шалақазақпын! Қырым татары қазаққа ең жақын ұлттың бірі екенін білетін боларсыздар?» деді ол күлімсіреп. «Әрине!» дедім мен. Әңгімеміз жарасып барады. Конференцияға бірге келген әріптестерімді дереу шақырып алып, жаңа ғана тапқан қазақтарыммен таныстырып жатырмын. Керей олардың бәрімен тек қазақша сөйлесіп тұр. Ыңғайлы болсын деді ме, бір әріптесім ағылшынша сөз жалғап еді, Керей кілт тоқтатып: «Қазақша сөйлеңіз!» демесі бар ма?! Ешкім күтпеген еді. Бәріміз күліп жібердік. Мұндай өтінішті Қазақстанда жүргенде ғана айтуға, естуге үйреніп қалғанбыз-ау. Енді Англияның төрінде, Лондонның қақ ортасында Керей бізге қазақша сөйлеуге үндеп тұр. Не деген ғанибет! «Міндетті түрде сұхбат алуым керек!» Маған сондай идея келді. Керей  мырза сұхбат беруге қуана келісті. Келесі күнге уақыт межелеп, арнайы келіп алған сұхбатты оқырман назарына ұсынамын.

–  Керей, ең алдымен осы жердегі алтын уақытыңызды бөліп, маған сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Көп сөйлесеміз, сондықтан  арасында сізге қай тілде түсіндірген қолайлырақ, сол тілде сөйлей берсеңіз болады. Қазақша болса да, түрікше болса да, ағылшынша болса да өзім аударып ала аламын.

– Иә, қазақша еркін сөйлеп жүрмегелі көп болды. Тіпті жиырма жыл болып қалған шығар. Мен әженің баласымын. Әсіресе нағашы әжем Ақлиманың бауырында  еркелеп өстім десем болады. Балалық шағымда өте жақсы сөйлеуші едім. Бірақ қазір сұхбатты қанша қиын болса да, тек қазақша бергім келіп отыр.

- Ұстанымыңыз мықты екен. Бәрекелді! Ендеше сұхбатымызды бастайық. Ең алдымен өзіңіздің толық аты-жөніңіз бен шыққан тегіңізге кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Толық аты-жөнім – Қырымгерай Қырымлы. Бірақ жай ғана Керей десе де  болады. [Түркияға басқа елден қоныс аударып барғандардың тегін жергілікті әкімдік келген жеріне, түріне қарап, өздері қойып беретін болған – авт.] Әкем – қырым татары, ал шешем – қазақ, оның ішінде Барқы Керей. Қырым хандығын XVIII ғасырда басқарған атақты ханның аты ұмытылмасын деп, менің атымды  Қырымгерейдің құрметіне қойған екен. Ал қарындасымның аты – Ханике. Алтын Орда ханы Тоқтамыстың қызы Ханикені білетін боларсыз? Екеуміздің есімдеріміз осылай болуына кім әсер етті десеңіз, әке-шешем. Ол екеуі де тарихшылар. Қазір жұмыстары Түркияда, университетте дәріс береді. Мен өзім Америкада (АҚШ) туғанмын. Олар Висконсиндағы Мэдисон университетінің докторантурасында оқып, PhD жасап жүрген кездерінде дүниеге келгенмін. Негізі екеуі де Түркияда туған, әкем Балкесір деген топырақта, шешем Сали деген жерде. Ал университетті бірге Анкарада оқыған. Әкемнің аты Ақан, атам Ахмед, ал арғы аталарымыз 1860 жылдары Қырымнан көшіп келген. Шешемнің атасы 1956 жылы Шарқы Түркістаннан Түркияға қоныс аударған. Шешем – Мәриям Хәкім, Түркияда 1958 жылы дүниеге келген. Үлкен атам Әлібектен Біләл, одан менің шешем туған. Негізі Әлібек Хәкім  елге танымал сыйлы азамат болған. 1954 жылы «National Geographic» журналында жарық көрген қазақтардың суретінде сол атамның да бейнесі бар.  [«How the Kazakh fled to freedom» / «Қазақ қалай бостандыққа қашты?» суретті мақаласы,  авторы: MiltonJ.Clark]

- Әжем өсірді деп айтып қалдыңыз, қазақ тілінде осылай құлшына, әдемі сөйлеуіңізге әжеңіз әсер еткен болар?

– Мені бала күнімде апам өсірді. Сонымен көп сөйлесіп жүріп, қазақшаны үйрендім. Шешем мен әкем жұмысқа баратын. Сол кезде Анкарадағы үйде қасымда Ақлима апам қалатын. Ол түрікшені мүлдем білмейтін, тек қана қазақша сөйлейтін. Бала кезімде маған шешемнің апасы да (әжесі) қарады. Оның аты Мүлия болатын. Анамның Хатидже (Хадиша) деген апасы да мені қазақша еркелететін. Кішкентай шағымда әкем менімен тек татарша сөйлесетін, шешем түрікше сөйлесетін, ал апаларыммен қазақша ғана сөйлестім. Ең қызығы, әрқайсысы бір-бірінен кейде мені қызғанатын. Менің екі-үш жасымда болған бір оқиға есімде: үйдегі электр шамын жаққым келіп еді, бойым жетпеді. Сосын әкеме қарап: «Шамды жақшы», дедім. Ал татарша ол ағашты, теректі жақ деген мағына береді екен. Әкем шешеме қарап: «Теректі неге жағамыз?» деп күлді. Татар тілі мен қазақшаның айырмашылығын онша білмейтін кезім, солай арасында аздап қиналып қалатынмын. [Күлді].

- Дегенмен, қазақша, түрікше және татарша сөйлеуді үйреніп жүріп, Сіз үш мәдениетпен қатар сусындадыңыз ғой, пайдалы болған шығар?

– Иә, әрине. Негізі ол үшеуі де өте ұқсас, үшеуінің де тамыры бір ғой. Үш тіл –  негізі бір тіл, тек үш тармақ болып тараған.

- Ал мейірімін бере отырып, қазақшаға сонша іңкәр етіп баулыған әжеңіз қандай адам еді, сізді қалай еркелетуші еді, есіңізде ме?

– Әжеммен болған кезде тым кішкентай бала едім. Қалай еркелеткені есіме түспей тұр... Бірақ қасқанға алып, мәнті жасайтыны есімде. Біздің қазақтар ол жақта өте дәмді мәнті жасайтын. Апамдар өздері қолмен басып жасаған киіз болатын, сол да есімде. Сосын бізге түрлі хикая айтып беретін. Мысалы, «Жезтырнақ», «Анық мерген» деген ертегіні айтатыны есімде. Сосын жау келгенде, қазақтар қалай көшетінін айтып беретін. Кішкентай кезімде нағашымның балалары бұзықтық істесе, апам оларға ашуланып, «Албасты басқыр!» деп ұрсатыны да есімде қалыпты. [Күлді]. Негізі менің апам мұсылман болудың жақсы үлгісін көрсетті. Оның иманы өте берік еді. Сосын Мүлия апам, Ақлима апам мен Хатидже апамдар көп бауырсақ пісіретін. Олар самса да пісіретін. Сәл өскен шақта, қымыз ішетінім есімде. Түркияда жүрсе де қазақтар жылқы байлап, қазы дайындайтын. Шешемнің тойында олар жылқы сойғанын естігенмін. Жалпы мейрамдарда көп қой да соятын. Түркиялықтар жылқы жемеген соң, қазір қазақтар жылқыны аз ұстайды, дегенмен әлі де аздап жылқы етін, қымызды табуға болады.

- Ал анаңыз бен әкеңіз бір-бірімен қалай танысқан?

Ол екеуі Анкарада университетте жүргенде танысқан.  Екеуі де тарихта бірге оқыған. Сосын екеуі үйленген соң, Германияға кетеді. Сол жақта  шешем «Азаттық» радиосында үш жыл жұмыс істеген. Бұл 1985 жылдарда болған. Одан кейін Америкаға, Вискинсон штатына білімін шыңдауға кетеді. АҚШ-та 1991  жылы мен тудым. Сосын ғылыми дәрежесін алып, Түркияға оралған. Қазір сол жақта екеуі де профессор. Үйде екі баламыз, мен және қарындасым Ханике.

- Керей мырза, бізді таныстырған осы конференция. Бұл жерде қандай жобаны таныстырып жатырсыздар? Бұл өз мамандығыңызға тікелей байланысты ма?

– Мен өзім компьютер ғылымын Америкада оқығанмын. IT маманмын. 2009 жылы Нью-Йорк қаласына барып, NYU университетіне қабылдандым. Сосын сол жерде Херст иелік ететін Hearst Corporation медиа холдингке жұмысқа тұрдым. Корпорациясында software жасадым. [Hearst компаниясындағы «software» ұғымына кіретіндер – олардың медиа бизнесін қолдайтын жеке немесе корпоративтік ІТ-платформалары, жарнама технологиялары, аналитика жүйелері және цифрлық баспа құралдары-авт.] Сосын 2017 жылы мені сол холдингтің Еуропадағы IT директоры етіп Лондонға ауыстырды. 2020 жылы өз компаниямыздың негізін қаладық. Бұл конференцияда таныстырып жатқан  Snapshot AI – бұл екінші компаниямыз, мен CEO-сы, яғни соның бас атқарушы директорымын.  Оны біз 2023 жылы құрдық. Бұның бәрінің тамыры – AI, жасанды интеллект. Snapshot.reviews атты сайтымызда бәрі көрсетілген. Инженерлердің жасаған жұмыстарын өзіміз дайындаған AI-ға береміз, сосын ол сараптап, оның тиімді және әлсіз тұстарын анықтап береді. Біздің миссиямыз қарапайым: инженерлік топтарға жұмыстарын анық және түсінікті ету арқылы олардың әлеуетін толық ашуға көмектесу. Компаниялар ай сайын төлем жасап, біздің өнімді тұтынады. Біздің жасанды интеллект құралдарымызбен менеджерлер тек сандарды ғана емес, инженерлік шешімдерге қатысты нақты түсініктерді де алады, солай өнімділігін арттырады.

- Жақсы екен. Ал бүгінгі дейін қанша компания Сіздердің осы қызметті алып көрді?

– Әзірге аса көп емес. Отыз-қырық компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Олардың көбі Америкалық компаниялар. Біздің компаниялардың барлығының базасы АҚШ та орналасқан: Нью-Йоркте, Делаверде.

- Алға қойған арман-мақсатыңыз қандай?

– Компания үшін қойып отырған мақсатымыз – даму.  Болашақта, иншалла, Юникорн стандартына сай, ерекше үлкен компания боламыз. [Unicorn. Бұл терминді венчурлік инвестор Эйлин Ли енгізген: нарықтық бағасы 1 миллиард АҚШ долларынан жоғары болатын, өте сирек, жоғары әлеуетті жеке стартап компания деген сөз. – авт.] Ал жеке өзімнің арманыма келсем, үйленгенмін, әйелім бар. Енді көп балалы-шағалы  болып, үлкен отбасыға айналсақ деймін. Әйелім – «Арсенал» клубының жанкүйері, ал мен «Қайратты» жақсы көремін. Бұйырса, алдағы айда өтетін «Арсенал – Қайрат» матчына қазақша киініп, ол «Арсеналға»,  ал мен  «Қайратқа» қолдау білдіріп барайын деп отырмыз. [Күлді].

- Сіз қазақ тілінде сөйлегіңіз келіп тұратынын, ол тілді жақсы көретініңізге куә болдық. Оның түпкі себебі неде?

– Қазақ тілі – менің өзім. Қазақстанға әлі еш барған емеспін.  Бірақ Түркияда жүрсем де, Америкада жүрсем де, Англияда жүрсем де ешбір уақытта  айналамдағы адамдардың жүзі менің бет-әлпетіме ұқсаған емес.  Ал қай жерде қазақты көрсем, өзімді көргендей боламын. Сол үшін мен қазақ тамырым бар екеніне өте қуанамын және жақсы көремін. Қазақстанға барғым келеді.  Ол жаққа барсам отыз күн бе, алпыс күн бе болсам деймін. Қазақшамды солай жақсартар едім. Бәлкім жиырма жылдан да көп болған шығар, дәл бүгінгідей қазақша  көп сөйлеспедім. Шешеммен сөйлесуге болушы еді, бірақ ол менің қазақшамды аса ұнатпайды, сондықтан «шала қазақ» дейді маған. [Күлді]. Анамның қазақшасы, оның бауырларының қазақшасы, қазақы мінезі өте жақсы сақталған. Мен үйленгенде, британдық құдасына қазақтың шапанын жапты.

-   Басқа жерде туып, жат жерде жетілсе де, олардың қазақшасының сақталуына не себеп деп ойлайсыз? Өйткені бәрі бірдей олай жақсы сақтай алмады ғой?

– Тамырына мықты байланса,  тарихына мықты байланса, «өздігі» қазақ болса, өзін қазақ сезінсе, ол ештеңесін ұмытпайды. Тамырынан нәр алып тұрады.

-   Әдемі айттыңыз. Негізі біздің елде  соңғы кездері «бірегейлік» пе, «мендік» пе деп бас қатырып жатқан ұғымға әдемі атау бердіңіз ғой. Identity – Өздік! Қандай әдемі!.. Керей мырза, қанша қиын болса да, тек қазақша жауап бергім келеді деген сөзіңізде соңына дейін тұрдыңыз. Жарайсыз!

– Мен қазақ, өзбек, қырғызбен қазақшадан басқа тілде сөйлескім келмейді. Ары кетсе түрікше сөйлеуім мүмкін. Бірақ ол бауырлармен ешқашан ағылшынша сөйлескім келмес еді.

-   Ішкі қағидаға берік екенсіз. Тәнті болдым. Жігеріңізді шыңдап, принципке берік етіп өсірген әжелеріңізге алғыс, ата-анаңызға рақмет. Сізбен танысқаныма, сізден сұхбат алғаныма өте қуаныштымын. Өмір жолыңыз даңғыл болсын, армандарыңызға жете беріңіз!

Алма Сайлауқызы

 

 

Yorumlar
Diğer Haberler