Каспий мен Аралды айтқан Тоқаев БҰҰ-да Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды

221
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/L5PodosyJJdKdgRWZBP47nTFIiO3t87R805ixXfu.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық су мәселелері мен Арал, Каспий теңіздерінің экологиялық проблемаларына назар аударды, деп хабарлайды “Адырна”.

Тоқаев трансшекаралық суды пайдалану және Арал мен Каспий теңіздерінде қалыптасқан экологиялық ахуалға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.

"Су тапшылығы үлкен проблемаға айналып отыр. Ресурсты сақтау және ұқыпты пайдалану – еліміз үшін ғана емес, аймақтағы басқа мемлекеттер үшін де стратегиялық, өмірлік маңызды басымдық. Трансшекаралық суды пайдалану мәселесін, Арал және Каспий теңіздерінің экологиялық жағдайын кешіктірмей шешу үшін тиісті шаралар қажет. Өзара мәмілеге негізделген бірлескен әрекеттер Халықаралық Аралды құтқару қорының тиімділігін арттыра алады. Каспий теңізінің тартылуы экологиялық, әлеуметтік-экономикалық және саяси салдарға әкеп соғуы мүмкін. Қазақстан Каспий экожүйесін сақтау мен теңіздің тартылуын алдын алу мақсатында арнайы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу бастамасын көтерді", – деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы БҰҰ құрамында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды.

"БҰҰ жүйесінде тек су мәселесімен айналысатын арнаулы құрылым жоқ. Қазақстан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады. Бұл бастама арқылы БҰҰ аясындағы түрлі ұйымдардың мандатын бір мақсатқа жұмылдыруға болады. UN-Water ведомствоаралық тетігін толыққанды агенттікке немесе ұйымға айналдыру оңтайлы шешім болар еді. Бұл БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына және халықаралық қоғамдастық мүддесіне сай келеді. Келесі жылы сәуірде Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммитте Қазақстан жаһандық су ұйымын құру жөнінде халықаралық консультацияны бастамақ", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы форум аясында мүдделі елдердің жасампаз серіктестігін нығайтуға және әлемде әділетті тәртіп орнатуға бағытталған халықаралық күш-жігерге жаңа серпін берілетініне сенім білдірді.

Yorumlar
Diğer Haberler