Астана–Алматы бағытындағы KC622 рейсінде бір жолаушының денсаулығы күрт нашарлап, бортта төтенше жағдай болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оқиға туралы осы ұшақта болған қазақстандық Threads платформасында жазба жариялаған. Жазбада:
"Ұшақ ұшуға дайындалып жатқан. Кенет “Стюардесса! Стюардесса! Қызға жаман болып кетті, дәрігер керек!” деді", – деп жазды куәгер.
Айтуынша, өзін жайсыз сезінген жолаушыға жедел түрде бортта отырған әйел келіп көмек көрсеткен. Желі қолданушылары көмек көрсеткен денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова екенін жазған.
Ол қыздың қан қысымын өлшеп, оның өте жоғары екенін анықтаған. Осы уақытта стюардессалар салфетка, пакет және су әкеліп, қажетті көмекті ұйымдастыруға тырысқан. Қызды жүрек айну мазалаған.
Жолаушыға дәрі, су және шай берілгеннен кейін оның жағдайы біршама жақсарған. Стюардесса көмек көрсетіп жатқан әйелден: "Сіз дәрігерсіз бе, әлде бірге келе жатқан адамсыз ба?" деп сұрағанда, ол жай ғана "Дәрігер" деп жауап берген.
Ұшақ экипажы қыздың өзін қалай сезінетінін сұрап, оның әрі қарай ұшуға дайын екенін растағаннан кейін рейс өз кестесімен жалғасты.
