Қамаудағы Алмасбек Садырбай Президентке үндеу жолдады

886
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/t18pMP889LLTI2YpADtbwaHxAOwu3O3uFU5jCGy2.jpg

Тергеу изоляторында отырған белгілі кәсіпкер Алмасбек Садырбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

«Бір жыл бойы қамауда отырмын. Осы уақыт ішінде оң өзгеріс болады деп үміттеніп, ешқайда шағымданбадым, шыдадым. Мені 10 рет әртүрлі тергеу изоляторларына ауыстырды. Тергеу мерзімі аяқталар күні тергеу тобы іске «Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу» және «Мүлікті заңдастыру» деген жаңа баптарды қосып, қамау мерзімін тағы ұзартты»,- делінген жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнеүндеуде.

Үндеуде оның кінәсін дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ екені айтылған. Садырбайдың пікірінше, оның қудалануына қоғамдық белсенділігі себеп болған. Соңғы уақытта ол фермерлердің мәселелерін, азық-түлік қауіпсіздігі мен агросаясаттағы кемшіліктерді жиі көтеріп, сын айтқан.

«Алматы облысының прокуратурасы менің атыма қара күйе жағып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Алматыда алты элиталық пәтері бар деген жалған ақпарат таратты. Бұл шындыққа жанаспайды. Мен рақымшылық емес, әділдік пен шындықты сұраймын», — делінген үндеуде.

Еске салайық, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбай 2024 жылдың қарашасында қамауға алынған болатын. Бұған дейін Прокуратура Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын айтқан еді.

 

 

 

Yorumlar
Diğer Haberler