Ресей мен Қытай құпия ядролық сынақтар өткізуде – Трамп

843
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nEZiYoJqcnmr6FhEYBjfqr4P2yOG7DX5WT2Nqd8b.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше елдердің құпия түрде жерасты ядролық сынақтарын жүргізіп жатқанын айтып, Вашингтон да осы бағытты ұстанатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол 2 қараша күні CBS News телеарнасындағы “60 Minutes бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

Трамптың сөзінше, Ресей мен Қытай ядролық қару сынақтарын жүргізіп отыр, бірақ бұл туралы ресми түрде хабарламайды.

«Ресей мен Қытай сынақтар өткізеді, бірақ олар бұл туралы ешкімге айтпайды. Мен сынақ өткізбейтін жалғыз ел болғым келмейді», — деді Трамп.

Ол сондай-ақ Солтүстік Корея мен Пәкістанның да осындай сынақтар жүргізіп отырғанын айтты.

Тілшілердің сұрағына жауап бере отырып, Трамп АҚШ 30 жылдан астам уақыттан кейін ядролық қаруды қайта сынақтан өткізетінін растады.

«Біз де басқа елдер сияқты ядролық қаруды сынаймыз», — деді ол.

Қазір әлемдегі ядролық қаруы бар мемлекеттердің ішінде тек Солтүстік Корея ғана ресми түрде толық ядролық жарылыстар жасаған. Қалған державалар мұндай сынақтарды тоқтатқан.

Алайда Трамптың пайымынша, кей елдер сынақтарды құпия түрде, яғни терең жерасты нысандарында өткізеді:

«Олар мұны жарияламайды. Терең жерасты полигондарында өткізіледі, сондықтан сырт көз тек аздаған дірілді ғана сезеді», — дейді АҚШ президенті.

29 қазанда Трамп АҚШ ядролық сынақтарын қайта бастайтынын мәлімдегенімен, Ақ үй әкімшілігі бұл толық жарылыстары бола ма, әлде зерттеу сынақтары ма екенін нақтыламаған.

2 қарашада АҚШ энергетика министрі Крис Райт Fox News телеарнасындағы The Sunday Briefing бағдарламасында түсініктеме берді:

«Қазіргі сынақтарда атом бомбалары жарылмайды. Бұл — субкритикалық сынақтар, яғни жарылыссыз тәжірибелер. Олар ядролық қарудың басқа компоненттерін тексеруге бағытталады», — деді министр.

Министрдің айтуынша, мұндай сынақтар қарудың ішкі құрылымы мен қауіпсіздігін бақылауға, сондай-ақ ескі қарулардың жарамдылығын бағалауға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, Америка Құрама Штаттары соңғы рет толық ядролық жарылысты 1992 жылы жасаған.

1996 жылы Вашингтон Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ДВЗЯИ) қол қойғанымен, оны Конгресс әлі күнге дейін ратификациялаған жоқ.

Сол уақыттан бері АҚШ Невада полигонында субкритикалық жерасты сынақтарын ғана жүргізіп келеді.

Yorumlar
Diğer Haberler