Мексиканың Уруапан қаласының мэрі Карлос Мансоны қастандықпен өлтіріп кетті. Ол елде есірткі саудасына қарсы қатаң шаралар қабылдауды қолдап келген, деп хабарлайды “Адырна”.
The New York Times басылымының жазуынша, қайғылы оқиға 1-нен 2-ші қарашаға қараған түні – Мексикадағы ұлттық мереке, Өлілер күні кезінде болған.
«Мексиканың батысында сенбі күні болған атыс кезінде қылмыспен күресте қатаң ұстанымды талап етіп, президент Клаудия Шейнбаумнан наркосаудамен күреске қосымша көмек сұраған мэр қаза тапты», – делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, мэр шам жағу рәсіміне қатысып тұрған сәтте оған шабуыл жасалған.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, Мансо федералды биліктің ұйымдасқан қылмысқа қарсы саясаттарын бірнеше рет сынға алған және соңғы айларда өзінің өміріне қауіп төніп отырғаны жайлы бейнежазбалар жариялаған.
Мичоакан штаты әлі де қуатты есірткі картельдерінің қақтығысы жүріп жатқан аймақтардың бірі болып қала береді.
Әлеуметтік желілерде шабуыл орнынан түсірілген бейнежазбалар таралып жатыр.