Путинді тұтқындамаған Тәжікстан Еуроодақтың айыптауына ұшырады

1526
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hmI9j9jp60MB3j9hkIiwKWuswngF8Ws0z3dyEa9o.webp

фото: Максим Стулов / Ведомости

Еуропалық одақ (ЕО) Тәжікстанды Ресей президенті Владимир Путинге қатысты Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) шығарған ордерді орындамағаны үшін айыптады. Бұл мәлімдеме 10 қазанда Еуропалық сыртқы әрекеттер қызметінің (EEAS) ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды “Адырна”.

2023 жылы наурызда ХҚС Ресей президенті Владимир Путинге және балалар құқығы жөніндегі уәкіл Мария Львова-Беловаға тұтқындау ордерін шығарған болатын. Оларға Украинаның Ресей Қарулы күштері басып алған аумақтарынан балаларды заңсыз депортациялау және көшіру қылмыстары бойынша айып тағылып отыр.

Бұл әрекеттер халықаралық құқық нормаларына қайшы деп танылып, ХҚС тергеу жүргізуде. Еуроодақ Кремльдің Украинадағы соғысы аясында жасалған барлық әскери және гуманитарлық қылмыстар үшін әділ жауапқа тартылуы керек деп есептейді.

Тәжікстан – Рим статутын ратификациялаған, яғни ХҚС-тың мүше мемлекеттерінің бірі. Мұндай елдер сот шешімдерін орындауға міндетті. Алайда, Ресей президенті Владимир Путиннің "Орталық Азия – Ресей" саммитіне және ТМД мемлекет басшыларының кеңесіне қатысу үшін Душанбе қаласына сапары барысында Тәжікстан билігі ХҚС ордерін орындамаған.

Еуроодақ бұл әрекетті халықаралық міндеттемелердің бұзылуы ретінде бағалап отыр және барлық мүше елдерді ХҚС-пен толық ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Путиннің Тәжікстанға сапары қарсаңында халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Душанбе билігін Ресей президентіне елге кіруге рұқсат бермеуге немесе келген бойда тұтқындауға шақырды. Ұйым ХҚС ордерінің заңды күші бар екенін еске салып, халықаралық құқықты құрметтеуге үндеді.

Айта кетсек, 2024 жылы қыркүйекте Путин ХҚС мүшесі Моңғолияға барған болатын. Алайда, Ұлан-Батыр да Ресей көшбасшысын тұтқындаудан бас тартқан. Бұл жағдай да халықаралық қауымдастықтың сынына ұшырады.

 

Yorumlar
Diğer Haberler