Украинада қазақстандықтарды алдаған трансұлттық call-орталық жойылды

1334
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/56VNJcpv03u7km1jyUgjanRmnpQfcLesMgMPLzSS.webp

Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Украинаның ұлттық полициясымен, Бас прокуратурасымен және Қазақстанның Бас прокуратурасымен бірлескен арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.

 Нәтижесінде қазақстандықтарды алдаумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың жолы кесілді.

Жедел іс-шаралар Черновцы мен Одесса қалаларында өтті. Тергеу барысында алаяқтар Қазақстанның Ұлттық Банкі, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтері атынан хабарласып, азаматтарды несие алуға, мүлкін сатуға және депозиттегі қаражатты бөтен шоттарға аударуға мәжбүрлегені анықталды. Қаскөйлер жәбірленушілерге «күдікті операциялар» немесе «террористік ұйымдарды қаржыландыру» айыбын тағамыз деп қорқытып, психологиялық қысым көрсеткен.

Қылмыстық топтың құрылымы нақты иерархияға құрылған. Орталықта әкімшілер, HR-менеджерлер, «клоузерлер», техникалық мамандар және тіпті «күштік блок» та болған. Ұйымдастырушылар жалған куәліктер, арнайы сценарийлер мен deepfake бағдарламаларын қолданған.

Тінту барысында 30-дан астам компьютер, 79 телефон, sim-карталар, жалған куәліктер және алаяқтыққа арналған құжаттар тәркіленді. Тергеушілердің мәліметінше, тек соңғы алты айда күдіктілердің бірі бес автокөлік сатып алып үлгерген. Call-орталықтың жұмысын жүргізуге айына шамамен 60 мың доллар жұмсалған.

Алдын ала есеп бойынша, алаяқтар қазақстандықтарға 900 миллион теңгеден астам зиян келтірген. Арнайы операция нәтижесінде Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, оның бесеуі қамауға алынды.

ҚР ІІМ бұл операция екі елдің құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде жүзеге асқанын және азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталғанын атап өтті.

Yorumlar
Diğer Haberler