Бір жылда екінші рет. Францияда тағы да үкімет ауысады

1657
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/eFZ7DMDh47dkBITERWFWnD0bf9MyJxen4Kve2yPj.jpg

8 қыркүйекте Франция парламентінің төменгі палатасы Франсуа Байрудың үкіметіне сенімсіздік білдірді. Енді  премьер-министр  отставкаға кетуге мәжбүр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұл шешім оның тоғыз айлық өкілеттік мерзімінен кейін, бюджет мәселесіне байланысты қабылданған. Байру кабинетін қолдап 194 депутат дауыс берсе, 364 адам қарсы дауыс берген.

Дауыс беруге дейінгі сөзінде премьер-министр елдің көптеген мәселесіне, әсіресе, мемлекеттік қарыздың өсуіне тоқталып, үкімет ұсынған қатаң үнемдеу шараларын ақтауға тырысты. Айтуынша, оның отставкаға кетуі бұл мәселелерді шешпейді.

Тамыз айының басында Байру Францияның мемлекеттік қарызы әрбір секунд сайын бес мың еуроға өсіп отырғанын айтқан еді. Сондай-ақ соңғы рет теңгерімді бюджет 1974 жылы ұсынылғанын еске салды. Кейін ішкі істер министрі Брюно Ретайо Франция ешқашан мұндай қаржылық құздың жиегіне таяп көрмегенін мәлімдеген.

Айта кетейік, Франция Ұлттық жиналысының депутаты, Социалистік партия өкілі Борис Валло Франсуа Байруға сенім білдіру жөніндегі дауыс берудің қарсаңында социалистердің елді басқаруға дайын екенін, егер Эммануэль Макрон өтініш жасаса, бұл жауапкершілікті алатынын жеткізді. Ал ультраоңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясының жетекшісі Марин Ле Пен Франция президентін кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге шақырды.

Францияда үкіметтік дағдарыстың ушығуына және Байрудың жақын арада отставкаға кетуі мүмкін деген болжамдарға байланысты антиүкіметтік наразылықтар мен ереуілдерге шақырулар айтылуда. Кейбір кәсіподақ ереуілді 10 қыркүйектен бастауға үндесе, көпшілігі 18 қыркүйекті жалпыұлттық наразылық күні етуді жоспарлап отыр.

Франсуа Байру 1993–1997 жылдары Францияның ұлттық білім беру министрі болған. 2017 жылы аз уақыт әділет министрлігін басқарған. Сондай-ақ ол 2002, 2007 және 2012 жылдары президенттік сайлауға үміткер ретінде қатысқан.

 

Yorumlar
Diğer Haberler