Қазақ театрының тұңғыш режиссері

2543
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gH6hNa7ddMExRFfASkdWV1D20P71roMVxrj72WrM.jpg

Биыл  Қазақстандағы тұңғыш ұлт театрының негізін салушы Жұмат Шаниннің туғанына 133 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол 1892 жылдың 25 тамызында Павлодар облысы Баянауыл ауданының Желтау маңында дүниеге келген. Алғашында ауыл молдасынан оқып, хат таныған. Жас кезінен ұлттық ойын-сауықтар мен ән-күйлерге ынтық болған.

1913 жылы Омбыға келіп, күнкөріс қамымен біраз уақыт зауытта жұмыс істеген. Мұнда С.Сейфуллинмен, Н.Нұрмақовпен және Б.Серкебаевпен танысып, өз бетінше оқып білімін жетілдіргер. 1915-1916 жылдары есепшілік курста оқып бітіргеннен кейін зауытта есепшінің көмекшісі болып қызмет еткен. Осы жылдары алғаш рет қалалық театр спектакльдерін көреді. 

Бірақ көп ұзамай-ақ Шанин майдан жұмысына тартылады. Одан туған ауылына 1917 жылы оралды. Сол жылдан бастап Қарқаралының уездік кооперативінде есепші қызметін атқарды. 1921-1922 жылдары Павлодар уезі комитетінің мүшесі, 1922 жылы Зайсан уездік атқару комитетінің төрағасы, 1923 жылдан Семей губерниясы атқару комитетінің және Қазақ КСР ОАК мүшесі болып, тағы басқада жауапты орындарда қызметтер атқарған.

Саяси-әлеуметтік және қоғамдық істерге белсене қатысу Жұмат Шаниннің ой-өрісін кеңейтіп, кейінгі режиссерлік, әрі жазушылық қызметіне игі ықпал жасады. 20-жылдары Семейде «Ес-аймақ» труппасын басқарды. Режиссерлік өнер жолын осы труппадан бастаған ол халық жыры негізінде жазылған өзінің «Арқалық батыры» мен С.Сейфулиннің «Қызыл сұңқарларын» қойды. Сонымен қатар өзі осы аталмыш спектакльдерде Арқалық батырдың және Еркебұланның рөлін орындады. Бір бөлімді «Торсықбай» комедиясы 1925 жылы Семейдің «Таң» журналында жарияланды. 1925 жылы ашылған Қазақ драма театрының директоры болумен қатар оның көркемдік жағын басқарған.

Жұмат Шанин Қазақстандағы тұңғыш ұлт театрының негізін салып, оны ұйымдастырып, сондай-ақ профессионалдық тұрғыда қалыптастырып, шығармашылық жағынан өсу жолында зор еңбек сіңірді. Алғашқы шығармашылық-ұйымдастырушылық қызметінен бастап Шанин актерлер мәдениетін көтеруге, театр жүмысын белгілі бір жоспар бойынша жүргізуге, репертуардан тәрбиелік, һәм идеялық-көркемдік сапасы жоғары драмалық шығармалардың орын алуына ерекше көңіл бөлді. Бұл мәселелер «Қазақтың мемлекеттік театры», «Мемлекет театрының әртістері» (1927), «Қазақстан мемлекеттік театры» (1928), «Театр тарихынан» (1931), «Сахна техникасын меңгерейік», «Сахнада шындықты тану» (1935) атты әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларында жан-жақты қамтылды.

Yorumlar
Diğer Haberler