"Дәрігер салғырттығы". Қарағандыда отаның соңы өліммен аяқталған

860
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IDLpVFJ4yuIwLXjed3uXHFm0k7yD0Wjt75OwPuDX.jpg

Қарағандыда жекеменшік клиникада жасалған отадан кейін 35 жастағы ер адам көз жұмған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Еуразия бірінші арнасының мәліметінше, марқұмға асқазанның резекциясы бойынша операция жасалуы тиіс еді. Оның салмағы 185 келі болған. Әйелі Кристина Ермолова күйеуін клиникаға шығарып салып тұрып, қатты алаңдағанын айтады.

Сот-медициналық сараптама барысында интубация дұрыс жүргізілмегені анықталды. Соның салдарынан гипоксия, мидың ісінуі орын алып, науқас көз жұмған. Облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті де медициналық көмек көрсету кезінде өрескел қателіктер болғанын растады.

«Пациент толық тексерілмеген, қажетті мамандардың кеңесі болмаған. Анестезиолог-реаниматолог тарапынан қателік кеткен. Ал хирург бариатриялық операция жасауға тиісті сертификатсыз жұмыс істеген», – делінген ведомство хабарламасында.

Клиника мен дәрігерлерге әкімшілік шара қолданылып, хирургқа арнайы сертификат алмайынша бариатриялық оталарды жасауға тыйым салынды. Алайда марқұмның туыстары кінәлілер әлі жазаланбағанын айтып отыр.

Марқұмның бауыры Никита Ермолов тергеудің сегіз айдан бері тоқырап тұрғанын жеткізді. Оның сөзінше, тек бастапқы сараптама ғана жүргізілген. Енді қосымша сараптама аясында эксгумация жасалуы мүмкін.

«Анестезиолог қателігін мойындап, кешірім сұрады. Бірақ қалғандары үнсіз. Іс әдейі созылып жатқандай көрінеді», – дейді марқұмның отбасы.

Yorumlar
Diğer Haberler