«Жүрегіммен қабылдаған шешім». Тағы бір блогер хиджабын шешті

4881
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FotVEAmATxO4ZAvqkCxYl0wjARlzTo63mHSVDsad.png

Танымал маңғыстаулық блогер Айгерім Ерғазы әлеуметтік желідегі парақшасында хиджабын шешкенін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол бұл шешімнің оңай болмағанын атап өтті.

«Мен орамалды шештім. Хиджаб кимейтін болдым. Оқырмандарым менің бұл шешімімді қалай қабылдаса да, мен қабылдаймын. Кейбір оқырмандарымнан “Хиджабты ойыншық қылдың ба?!” — деген пікірлер келіп жатады. Жауабым: “Жоқ. Мен хиджабты ойыншық қылған жоқпын.” Бұл — менің жүрегіммен, жан дүниеммен қабылдаған шешімім. Оның өз себептері бар. Мысал келтіріп көрейін. Қыз бала бір жігітті ұнатып, екеуі жұп болады. Уақыт өте шаңырақ көтереді. Бірақ неке өмірінде барлығы қыз ойлағандай бола бермейді. Тұрмысқа дейін қамқор болған жігіт бір күні қатыгез күйеуге айналып, дауыс көтеріп, тіпті қол көтеруі мүмкін.Кей қыздар мұндай өмірге көнеді, кейбірі — көнбейді. Шыдай алмағаны ажырасады. Ажырасу — ешбір әйел үшін оңай шешім емес. Бірақ сол сәтте қоғам, ағайын-туыс:“Неге ажырастың?”, “Байың бар еді, неге көнбедің?” деп сөге бастайды. Ал шындығында, бұл шешімді қабылдаған — сол қыз. Өйткені басынан не өткеріп жатқанын тек өзі біледі. Менің де жағдайым дәл сондай»,—деді блогер.

Сондай-ақ Айгерім Ерғазы хиджабты қасиетті дүние ретінде қабылдай беретінін, бірақ әр адамның өз жолы бар екенін жеткізді.

«Орамалды шешу — мен үшін оңай шешім болған жоқ. Бірақ бұл — менің таңдауым. Хиджабты ойыншық еткенім емес. Ол — мен үшін қасиетті болған, солай қала да береді. Мен себептерімді айтқым келмейді. Қабылдағысы келгендер — қабылдар. Керісінше, түсінбегендерге де ренішім жоқ. Бірақ біліңіздер, мен кисем де, шешсем де, намаз оқысам да, оқымасам да — оның күнәсі де, сауабы да маған ғана жазылады. Мен де сіздер сияқты пендемін. Қателесуге толық хақым бар. Егер жүрегіңізде иман болса, өзгені сөкпей, дұғада болыңыз… Жығылғанға жұдырық болмаған абзал….»—деді ол.

 

Yorumlar
Diğer Haberler