АҚШ Трамп бастамасымен ЮНЕСКО-дан шықпақ

1671
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OuaFgS2QGUVN1p44h5lPBxOwJrNSDDGux7mTfOlb.webp

Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ-тың БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі арнайы мекемесі — ЮНЕСКО-дан шығуын бастады. Бұл туралы 22 шілде, сейсенбі күні Ақ үйдің ресми сайтында жазылған, деп хабарлайды “Адырна”.

«ЮНЕСКО-да одан әрі қалу АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне сай келмейді. ЮНЕСКО халықаралық дамудың ғаламдық идеологиялық күн тәртібіне шамадан тыс мән береді. Бұл біздің «Америка бәрінен жоғары» деген сыртқы саясат ұранымызға қайшы келеді», — делінген баспасөз хабарламасында.

ЮНЕСКО бас директоры Одри Азуле АҚШ-тың бұл шешіміне қатысты жауабын жариялап, өкініш білдірді. Оның айтуынша, ұйым мұндай жағдайға дайындалып келген, алайда Ақ үйдің шешімі АҚШ-тың өзіндегі мәдени бағдарламаларға соққы болмақ. Азуле АҚШ ЮНЕСКО бюджетінің 8%-ын құрайтынын атап өтті.

Ақ үйдің баспасөз хабарламасында ЮНЕСКО-ның Палестинаны толыққанды мүше ретінде қабылдау шешімі «аса проблемалық» деп аталып, бұл АҚШ-тың саясатына қайшы екені айтылған. Ақ үйдің пікірінше, бұл шешім ЮНЕСКО ішінде Израильге қарсы риториканың таралуына себеп болған.

Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келли New York Post газетіне берген сұхбатында Трамптың шешімі ЮНЕСКО-ның «арандатушы, қоғам арасына жік салатын мәдени және әлеуметтік бастамаларды қолдауына» байланысты екенін айтты. Оның айтуынша, бұл бастамалар «америкалықтар дауыс берген ақылға қонымды саясатқа» мүлдем сәйкес келмейді.

ЮНЕСКО өз мәлімдемесінде бұл айыптауларды теріске шығарып, олар ұйымның «Холокост туралы ағарту және антисемитизмге қарсы күрес саласындағы нақты әрекеттеріне қайшы» екенін мәлімдеді.

“АҚШ-тың ЮНЕСКО-дан шығу туралы шешімі 2026 жылдың 31 желтоқсанында күшіне енеді. Сол уақытқа дейін ел ұйымның толыққанды мүшесі болып қала береді”, делінген Ақ үйдің мәлімдемесінде.

Айта кетейік, Дональд Трамп президенттік бірінші мерзімінде, 2017 жылдың қазан айында да АҚШ-тың ЮНЕСКО-дан шығуын бастаған болатын. Ол кезде де бұл шешім ЮНЕСКО-ның «Израильге қарсы» саясатына байланысты деп түсіндірілген. Кейін Джо Байден президент болып сайланған соң, 2021 жылы бұл шешімді кері қайтарған.

Yorumlar
Diğer Haberler