«Шыңғысхан», «Бата», «Беташар...» Сатыбалдыға тиесілі болуы мүмкін мүліктер сатылымға қойылды

2269
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IgmXV5L1l9EbQ9J7U6jKCzVL5R1amVt2ZCm2Vboz.jpg

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы коллекциялық монеталар мен зергерлік бұйымдарды аукцион арқылы сатуға шығарды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қайталама электронды аукцион 30 шілде күні E-Qazyna платформасында өтеді. Компания мәліметінше, тоғыз бұйымнан тұратын лоттың бастапқы бағасы 67,3 миллион теңгені құрап отыр.

Сатылымға шығарылған бағалы бұйымдардың қатарында «Қазақтың ұлттық ойындары мен салт-дәстүрлері» топтамасынан күміс монеталар ұсынылған. Атап айтқанда, «Бата», «Беташар» және төрт «Сүйіндір» монетасы бар. Бұдан бөлек, екі дана «Шыңғыс хан» монетасы мен 500 теңгелік «Chinggis Khan әскерлері» атты бір монета да аукционға шығарылған. Барлық бұйым жаңа күйінде, қорғаныс футлярларында сақталған.

Айта кетейік, сатылымға қойылған коллекциялық монеталар бұрын Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген мүлікке тиесілі болуы мүмкін.

2024 жылы Бас прокуратура Қайрат Сатыбалды мен оның айналасынан 174 сән-салтанат бұйымын – эксклюзивті әшекейлерді, брендтік сағаттар мен сирек кездесетін коллекциялық монеталарды тәркілегенін айтқан еді.

Прокуратураның мәліметінше, соңғы 2,5 жылда Сатыбалды мемлекетке жалпы сомасы 783 миллиард теңгені құрайтын мүлікті қайтарған.

Yorumlar
Diğer Haberler