Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында АЭС-ке қарсы шыққан белсенділердің ісі қарала бастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
Сот алдында жауап беріп жатқан белсенділер бірнеше айдан бері қамауда отыр. Сот бұлтартпау шарасын өзгертуге немесе алып тастауға негіз таппаған.
Іс судья Ернар Қасымбековтың қарауында.
Белсенділерге «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға дайындалды» деген айып тағылып отыр. Бұл бап нақты бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Бұған дейін Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы АЭС құрылысына қарсы бейбіт акция өткізбек болған белсенділердің тұтқындалуына назар аударған. Ұйымның 2024 жылғы қазан айында жариялаған баяндамасында, Қазақстанда адам құқықтарының жағдайы сынға алынып, сол кезде АЭС құрылысына қарсы акцияға дайындалып жүрген 12 белсендінің полиция тарапынан тұтқындалғаны атап көрсетілген.
Amnesty International Қазақстанда пікір білдіру, бейбіт жиналыс және бірігу бостандықтары негізсіз шектелетінін, ал азаматтық қоғам белсенділері, оппозиция жақтастары, құқық қорғаушылар, журналистер мен блогерлер қорқыту, қудалау, ұсталу және саяси астары бар қылмыстық қудалауға жиі ұшырайтынын мәлімдеген.