• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Таңдаулы мақалалар » «Жүрегім Наурызбайды жырла деді…»

    «Жүрегім Наурызбайды жырла деді…»

    Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Сондықтан да қазақ тарихының әрбір белесінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан немесе осы халықтық көтерілістерді басқарған, ұйымдастырушы болған немесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар – халық батырлары атанған. Қазақ тарихының әрбір кезеңі, яғни ел басынан өткен, халық тағдырында терең із қалдырған тарихи, саяси оқиғалар енді нақты тарихи тұлғалардың – қазақ батырларының бейнесі арқылы, солар өмір кешкен, азаттық жолында арпалысып өткен заман, уақыт кеңістігі арқылы көркем шежіреленді. 

    Қазақ халқында Наурызбай Құттымбетұлы (1706-1781), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атты әйгілі батырлар болған. Алтын Ордада Нау­рызбай есімді хан болғаны тарихтан белгілі. Нау­рызбай Қасымұлы – Абылай ханның немересі, Кенесарының туған інісі. 1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысында ерекше ерлігімен көзге түскен. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың қалмақ қоңтайшысы Қалдан Сереннің қызынан дүниеге келген баласы Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары (алты ағайынды – Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай), екінші әйелінен Наурызбай туған. Аты аңызға айналған ержүрек батырларымыз Наурызбай Құттымбетұлы мен Наурызбай Қасымұлы екеуі екі бөлек адам, алайда екеуі де ел қорғаны бола білген және ұлы тұлғалары болып саналады.
    Наурызбай Құттымбетұлы Алматы облысы, Жамбыл ауданының қазіргі Жалпақтас, Серіктас деген өңірінде дүниеге келді. Ұлы жүздің Шапырашты ішіндегі Төлеміс руынан тараған. Абылайханның ту ұстаушы үш батырының бірі болған. Оның жоңғарлармен болған шайқаста ерлік істерімен даңқы шықты. Сол қиын-қыстау заманда қазақтың бетке ұстар батырлары қолдарына қару алып, елін жауларынан қорғады. Бірлікке шақырған Абылай ханның туын ұстаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай батырлардың атақ-даңқы ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпаққа ұран болуда. Үшеуі де қазақ әдебиетінде терең әрі көп жырланған тұлғалардың қатарынан орын алады. Бір ғана Бұқар жыраудың, Ақтамбердінің, Үмбетейдің, Тәтіқара ақынның және тағы да басқа осы кезеңде өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармашылығының өзінде осы үш батыр бейнесіне айрықша маңыз беріледі. Жалпы батырлықтың, қаһармандықтың қазақ тағдырындағы тарихи маңызын сипаттайтын өлең-жырлар аз болған жоқ. Осылардың ішінен Шапырашты Наурызбай батыр туралы көркем әдебиет үлгілерінің өзі бір төбе. Айталық, Наурызбай батырға, оның жаужүрек ерлігіне шығармалар арнаған жыраулар: Бұқар жырау Қалқаманұлының, Үмбетей Тілеуұлының толғаулары, Шәді төре Жәңгірұлының «Тарихат» дастаны, Қазыбек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты әдеби-тарихи еңбегі, т.б. туындылар, жиылып келгенде Абылай ханның арқа сүйеген, қиналғанда қолтығынан демеген, қайраттанғанда дұшпанына жасын болып шүйілген, елін, жерін жаудан сақтаған – хас батыр Шапырашты Наурызбайдың тарихи тұлғасын әр қырынан танытқандығымен құнды болды.
    Қалданменен ұрысып,
    Жеті күндей сүрісіп,
    Сондағы жолдас адамдар:
    Қаракерей Қабанбай,
    Қанжығалы Бөгенбай,
    Шақшақұлы Жәнібек,
    Сіргелі қара Тілеуке
    Қарақалпақ Қылышбек,
    Төкеден шыққан Сатай, Бөлек,
    Шапырашты Наурызбай.
    Өңкей батыр жиылып,
    Абылай салды жарлықты
    Қалдан ханды қашырып, – деген жолдармен басталатын Бұқар жырау толғауында Наурызбай батырдың барлық қаһармандық қырлары, туған елі мен туған жері үшін қасық қаны қалғанша жаумен жаға жыртысып өткен батыр тұлғасының сырт келбетімен қоса, оның рухани жан дүниесіне де баға беріледі. Осы орайда жырау аузымен халық сөйлеп тұрғандай, батыр ерлігіне елдік баға беріліп тұрғандай әсерде боламыз.
    Жалпы қазақ эпосынан басталып тарихи шығармаларымызға ұласқан, сонан соң жазба әдебиетімізге көшкен осы көркемдік арна – күллі қазақ әдебиетінің ішкі рухани тұтастығын ұстап тұрған басты құндылығымыз. Шын мәнінде, қазақтың Алты Алашқа атағы кеткен, ғасырлар белесінде бір сәтке де халық жадынан ұмыт болмаған, халық жүрегінен мәңгі орын алған Ақберен батырлардың ұлы көшін атақты ақын-жырауларымыз тұтастықта, бөліп-жармай, яғни алдыңғы толқын батырлардың тағылымын кейінгі толқын батырларға аманаттап, солардың қайсар рухынан өздері де қанаттанып, күш-қуат алып өнер сайысында қарсыластарынан үнемі үстем болып отырғанын аңғарамыз. Айталық, жыр алыбы Жамбылдың Шашубай ақынмен әйгілі айтысындағы:
    Аспаннан түскен жасындай,
    Қаракерей Қабанбай,
    Қанжығалы Бөгенбай,
    Шапырашты Наурызбай, – деп келетін өлең жолдары алдаспандай ақындық поэзияның осы арнадағы асыл үлгілері.
    Сондықтан да, әдебиетімізде көп жырланған атақты батырларымыз, ең бастысы, ел басына қа­тер төнгенде шашақты найза қолға алып, басқын­шы жауға тойтарыс берген аса аяулы батыр­­лардың әдеби мұраларымызда: халық ауыз әде­биетінде, жыраулық поэзияда, жазба әде­биетте бас кейіпкерлер деңгейіне көтерілу сыры алды­менен олар туралы тарихи жырлардың, тарихи аңыз-әңгімелердің ел арасына кеңінен жайы­луында және олардың ұрпақтан-ұрпаққа таралуында жатыр.
    Ақын Несіпбек Айтовтың «Арқа­тірек» деп аталатын дастандар жина­ғындағы екінші шығарма – «Наурызбай» деп аталып,
    Жүрегім Наурызбайды жырла деді,
    Жетелеп құлазыған қырға мені.
    Асқақтап Алатаудай батыр даңқы,
    Алдымда асу бермей тұрған еді, – деп бас­талады. Автор Дегерес жоталарын мекен еткен сұңқарларды бекзаттық пен сергектіктің, шалымдылық пен ұшқырлықтың символы етіп алған екен. Ақын тапқыр теңеу арқылы тектіліктің сарқылмайтынын, заман доңғалағы айналып келген сайын жаңғыра түлеген бидайықтың алымды алғыр бола түсетінін, асыл дәндердің алыс ғасырлардан көктейтінін мәңгілік ұғымына сыйғыза көркем өрнектейді. Әлбетте, мың құбылған дәуірлер дауылына қарсы тұрар тегеурін сондай текті тамырдан ғана жаралмай ма? Наурызбай найза ұстап жауға шапқан кезең тарихы да назардан тыс қалмаған.
    Долданды Наурызбай да мұны көрген,
    Диюдай дүр сілкініп жыны келген.
    Ағасы Құдайберген түсті есіне,
    Қалмақпен жекпе-жекке шығып өлген.
    Жас келді Төле бидің жанарына.
    Көргенде Наурызбайды және мына:
    Саған да Сабалақтың жолын берсін,
    Салып қайт дұшпаныңды табаныңа…
    «Наурызбай» дастаны бұрын белгісіз болып келген көптеген тың деректерге жан бітірген туынды. Мысалы, Шапырашты Наурызбаймен шайқасып жүрген қалмақтың жауынгерлерінің ішінде нағыз ерлер жоқ деп қалай айта алмақпыз. Жаулардың нағыз ерлерімен соғыспаса, Шапырашты Наурызбай қалайша батыр атанбақ?!
    Шапырашты Наурызбай ерлігі игілікке толы. Оның мақсаты – жерді, елді қорғау, келер ұрпаққа өмір сүру кеңістігін қалдыру. Ержүрек батырлар болмаса, ерлік болмаса, атамекеніміз қалай сақталып қалар еді?! Сондай-ақ жазушы Бақытер Әбілдаұлының «Мирас» баспасынан жарық көрген «Шапырашты Наурызбай батыр» кітабынан алар тарихи тағылым да айтарлықтай. Жауды қырып-жою тарихи қажеттілік болған жағдайда ғұмыр кешкен Наурызбай сынды ерлер үнемі аттың жалында, қауіп-қатердің ортасында жүрді. Наурызбай бірінен соң бірінен, яғни жақын туыстарынан айырыла бастады, ағалары: Ырсымбет, Құдайберген, бірінші әйелі Ақбике және екінші әйелі қалмақ қызы Олжагүл, анасы Анаргүл, екі баласы ақ өлімнен емес, жау қолынан қаза тапты. Осыдан кейін тумысынан батыр Наурызбайдың бойын кек-ыза кернеп, жауына буырқанып шүйліккені шығармада шынайы көрсетілді. Өйткені Наурызбайдың мақсаты – туған елін жаудан азат ету, тұрмысты табиғи қалпына келтіру, ұрпақ өсіру.
    Әдеби-тарихи деректер мен ел есінде сақ­талған аңыз-әңгімелер Наурызбай батыр­дың бүкіл халықтың ықыласына бөленіп, мақта­нышқа айналуы 1727-1731 жылдардың шамасы екендігіне меңзейді. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қатарынан бірнеше рет қатты соққы беріп, ақыры үлкен жеңіске жетуі осы уақытқа сәйкес келеді. Алатау етегінде жоңғар­лардың Шамалған, Қаскелең, Боралдай секілді атышулы батырлары өлім табатын сұрапыл шайқастарда Наурызбай бабамыз ересен ерлік көрсетеді. Қозыбасыда қалың қол бастап, «Бас батыр» атағына ие болады. Бүгінгі ұрпақтың тарихи танымында Шапырашты Наурызбай батырдың қайсар бейнесі мәңгілікке сақталып қала берері анық. Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қозыбасы тауында Шапырашты Наурызбай батырға ескерткіш орнатылған. Алматының бір үлкен көшесіне аты берілген. Қазақстан облыстарында, аудандарында да Нау­рызбай батырдың аты көшелерге берілген, Нау­рызбай батырға арнап ескерткіш орнатылған.


    Нұрлан ҚҰМАР, «Ана тілі». 

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Түріктану

    {module Түріктану}