Home » Дәстүр мен дін » Салт-дəстүр мен Ислам дінінің сабақтастығы

Салт-дəстүр мен Ислам дінінің сабақтастығы

Ұлттық құндылық- белгілі бір ұлтқа тән , сол ұлттың даму, қалыптасу тарихында ғасырлар бойы мәнін жоймаған рухани және материалдық қасиеттер мен қажеттіліктер жиынтығы. Егер ұлт құндылығы болмаса, онда ұлтта жоғалады. Біздің қазақ болып жүргеніміздің өзі де ұлттық құндылығымыздың болуында.

Қазақ мәдениетінің ұлттық құндылығының негізі- діни сана. Ол- Исламнан бастау алады.

Діни сана- ұлттың болмысы, табиғаты, ерекшелігі. Ұлттың мәдениетіне үңіліп қарасақ, бұған көзіміз жетері анық. Осы мәдениеттің көрсеткіші халықтың дүниетанымы, тарихы мен өнері, ахлағы мен әдет- ғұрыптары, жазуы мен әдебиеті, жыр- дастандарымен тұрмысы болып жалғаса береді. Бұлар діни санамен үйлесім тапқанда ғана ұлттық мәдениеттің болмысы мен табиғаты, оның мән- мағынасы ашылады. Бір сөзбен айтқанда діни сана өзін қоршап тұрған мәдени құндылықтарды сақтап тұратын қазына іспеттес. Діни таным көп, діни таным тарихында Ханафи, Матуруди, Яссауи мектебін, фиқһ, кәләм, ахлақ(мінез- құлық) салаларының қалыптасуын айтуға болады. Діни сананың осы бір саласына ұлттық құндылығымызды, мәдениетімізді де жатқызуға болады. Туғаннан бастап өлім сәті келгенге дейінгі қазақтың мағыналы әдет- ғұрыптарын ашып айта кетсек:

Қазақ халқының өзге мұсылман халықтарынан еркешелеп тұратын басты ерекшеліктерінің бірі– жеті атаға дейін үйленуге тыйым салуы. Бұл қатаң түрде сақталған әдеттердің бірі Исламнан бастау алады. Пайғамбар ( с.а.с) өз хадистерінде жақындары мен туыстық байланысы барлардың қосылуларынан сақтандырған. Өйткені туыстық байланысы бар жұбайлардан туылған бала әлжуаз, денсаулығы нашар болып туады. Пайғамбар (с.а.с) былай дейді: «Алыстан алыңдар, (ұрпақтарыңды) әлсіретпеңдер».

«Қыз бала дауысын қатты шығарып күлмейді», «түнде шашын жаймайды», «қонақ алдында талтайып отырмайды»,- деген қазақ, қыз баласына төрден орын берген. Әрбір қызды өзінің қарындасындай көріп, тіпті олар үшін соғысуға дайын болған. Қыздарымыз бастарынан орамалын тастамай, бөтен ер кісілермен сөйлесуді ар санаған. Исламда да қыз баласын құдды бір жауһарға теңеп, оның зейнетін бөтен ер кісілерге көруге тыйым салады. Ер кісілермен сөйлеспек түгілі, олармен бір отырыста отырмауды әдет санайды.

Қалжа беру– бала туылғаннан кейін, қой сойып қонақ шақыру. Әйел босанғаннан кейін, қырық күн бойы үйде отырып сойылған қойдың етін жеп, сорпасын ішіп, біраз денсаулығын күтеді. Қазақтың бұл ғұрпынан көзделген мақсат- әйелдің босанғаннан кейінгі әлсіз денсаулығын қалпына келтіру болып табылады.

Ал, бесіктің пайдасын өмірдің өзі дәлелдеп, осы уақытқа дейін жетіп отыр. Ол баланың таза болуы, ұйқысының тыныш болуына әсер етеді. Жапонның әйгілі медицина ғалымы Гау Щияу Иде Илаң қазіргі заманғы озық аспаптарды қолдана отырып зерттеу жүргізген. Оның зерттеуі бойынша «сәби өмір есігін ашпас бұрын, ана құрсағында жүріп тербеліске түседі. Алайда өмір есігін ашқан соң жарық дүниеге бірден үйренісе алмайды. Сондықтан оны ана құрсағындағыдай әлдилеп, тербетіп отыру керек» деген қорытынды жасайды. Міне, қазақ халқының даналығы, осы процестерді өзінің өміріне пайдаланып, бала жарық дүниеге бейімделгенше, бесікке бөлеп, тербетіп отырған. Сонымен қатар, бесікке үкі тағатын болған. Ондағы мақсат, үкінің иісіне тышқан секілді кеміргіштер қашатын болғандықтан, балаға зиян келмеуі үшін. Кейбір радикалды ағымдардың айтуынша, бұл бір ширк яғни құдайға серік қосу мыс. Әдетте қазақ бір нәрсені жасаса біліп, төркініне жетіп орындаған. Ал, Исламда ниеті серік қосу болмаса ем түрінің кез келгенін жасауға рұқсат.

Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі – асық ойыны. Асық ойнау: баланың ойлау қабілетін дамытады, адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді, денені шынықтырады, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады, баланың көзі қашықтықтан көруге дағдыланады, мергендікке баулиды.

«Көрші ақысы- тәңір ақысы» деп көршісін ерекше сыйлай білген қазақ, тіпті жаңа көшіп келген көршілерін үйлеріне шақырып, ерулік берген. Ал  Алла елшісі (с.а.с): «Кімде- кім Аллаға және ақірет күніне сенген болса көршісіне еш зиян тигізбесін», және « Жанындағы көршісінің аш жатқанын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес»,- деген.

СССР дәуірі дүрілдеп тұрған заманда, бала күнімізде қораның артындағы үйіліп тұрған күлге аунайтынбыз. Үлкендер:

  • Әй, балалар, күлде ойнамаңдар,- деп ұрысады.
  • Неге, не болады ойнаса?- деп сұраймыз.
  • Не қыласыңдар неге екенін? Болмайды білуге дейтін.

Табалдырықта тұрсаң, үлкендер:

  • Ей, табалдырықты баспа,- деп жаны қалмайтын.
  • Басса не болады?- деп тұра береміз.
  • Жаман болады,- дейді, себебін айтпайтын,- дейтін атам марқұм.

Одан бөлек «айға қарап дәрет сындырма», «үй ішінде ысқырма», «кешке жылама», «дастарқанды баспа», «бас киімді баспа», «жайнамазды жоғары қой» деген сияқты ырым- тыйымдар шұбырып кете береді.

Атамның осы бір сөздерінен сол кездегі үлкендер неге себебін айтпаған екен деп таңданатынмын. Эх, барлығының да Исламнан шыққанын сол кезде айтса еді? Осы уақытқа дейін балалардың миларына әбден сіңіп, бұларды ұстанбайтын жан қалмас па еді? Бірақ, ол кезде Исламды түсіну қайда?! Санамызды жаулаған кеңес үкіметі  кезінде, олар дін жеткізушілерін әбден тыйып, «дін» деген сөзді айтқызбады емес пе? Осылайша ұлт мәдениетіміздің қайдан шыққанын білмей, оған шаманизм секілді құдайға серік қосушылықты қосып былықтырдық…

Қазір ше? Ұлттық құндылығымыз сақтаулы ма? Кеңес кезінде көптеген ұлттық құндылығымызды,дінімізді, ділімізді «ескінің қалдығы» деген сылтаумен көзін құртпақ болды. Сөйтіп ұлттың өзін жоюға тырысты. Егеменді ел болғаннан бері ұлтжанды азаматтар ұлттық құндылығымызды қалпына келтіруге ниеттенуде. Бірақ, биліктің ұлттық құндылықтарға деген немқұрайлылығы көп жағдайда кедергі келтіреді. «Нарықтық қатынас, әлемдік қауымдастыққа кіру» деген сылтаумен ұлттық құндылыққа көңіл нашар бөлінуде. Қазіргі материялдық құндылықтар заманында ұлттық құндылықтар көп ескерілмей қалып жатыр. Еуропаның бізге келген мәдениеттері жастарымызды бұрыс бағытқа бағыттауда. Қыздарымыздың ашық- шашық киінуі, еңбекпен емес, оңай жолмен ақша табу үшін түрлі жолдарға баруы, қаракөздеріміз үшін жауласқан, оны қорғау үшін өмірін тәрк еткен батырларымыздың сарын үні ұмытылғанын көрсететіндей. «Еуропаның субмәдениетін әкелеміз», «Біз Қазақстанның атын шығарамыз»,- деп, шашын бояп, қасын жұлған әнші топтардың, әрине,болашақ ұрпақтарымызға берер зияны көп.

Қазақ әйелдеріне келер болсақ, олардың ер адамға кірпігін көтеріп тура қарамауы, отағасының, қайын ағаларының, өзге еркек туыстарының есімдерін атамау құрметтілігі, сияқты, мәдени ерекшеліктерін тіпті кейбір зерттеушілердің өздері қызыға зерттеген. Осынша керемет зерттеушілерді қызықтырарлық салт-дәстүр, мәдениетіміз барда оларды неге сақтап қалмасқа?! Керісінше,қазақ қанына мүлдем жат болған  қазақ қыздарының қазақ жігітімен бірге көшеде тұруы, тіпті, олармен емін-еркін қарым-қатынас жасауы шет елдің үйреншікті мәдениетінің бізге келуі болып табылады. Ал, бұл сырттағы жаудың  халықты іштен шірітуі емес пе?!

Италияның жиһанкез кәсіпкері Реналью Гаспирин: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – Қазақ халқы екен», – депті. Еуропа мәдениетімен қоса тағы бізге келіп жеткені -техника. Оның да бізге пайдасымен қоса берер зияны көп.  Дамуымыз керек, әрине, бірақ ол сонау ескіден келе жатқан қазақ мәдениетін жою деген сөз емесқой. Жаhандану болмысы мәнді, мәнсіз нәрселерді қамти отырып, әлемдегі барлық адамзатты жан-жақты қоршап алған. Мысал келтірер болсақ, дайын тағамдар мен ішімдіктер, жастардың санасын жаулайтын “Валентина күні” сияқты идеологиялар, жақсы-жаман фильмдер, бағдарламалар мен өнердің түрлі салалары, алуан түрлі көңіл көтеру құралдары.

Қазіргі таңда ел тұтастығының, дін мен дәстүр бірлігінің бұзылуына, ұлттық құндылықтарымыздың аяқ- асты қалуына Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ағымдардың және секталардың  көбеюі мен оның қатарына көптеген жастар мен жалпы халықтың тартылуы да себеп болып отыр. Радикалды ағымдардың бұл әрекеттері халықпен бірге өмір сүріп келген, тұрмысына, салтына сіңіп, дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсату. Қазақ салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеп, қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсету. Олардың ішінен әсіресе Ислам дінінен бөлініп шыққан “Уаhhабшылар”, “Хизбут-тахрир”, “әт-Тәкфир уәл-hижра”, “Ахмадия” сияқты ағымдарды айтуға болады. Мұндай ахуал біздің елдің оңтүстік өңірінде айрықша байқалып отыр. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының аймақтарында астыртын ұйым құрған шетелдік “Таблиғи Жамағат” радикалды қозғалысының үгіт-насихат әрекеттері анықталған.   “Уаhhабшылар” діни ғұламаларға еруге, олардың сөздерін ескермеуге шақырып, олардың және ата-баба әруақтарының басына барып құран бағыштауды,  дінге жаңалық енгізген кәпірлер деп айыптайды. Сонау ғасырлар бойы келе жатқан салт-дәстүрімізді жоққа шығарып, оны орындаған адамды “құдайға серік қосушы”,- деп, тіпті сол үшін ата-ана, туыстарын да көрмей кетіп  жатады. Олар өздерін «мәзһаб ұстанбаймыз» деп айтады. Бірақ шын мәнінде олар мәзһаб ұстайды. Өз көсемдерінің пікірінен шыға алмаған соң, ол соның мәзһабында, яғни сәләфизм мазһабында деген сөз. Бірақ ол – шатақ мәзһаб. Басқа мәзһабтарды танымайтын, қоғамда ши шығаратын, бүлік жасайтын мәзһаб. Төрт мәзһабты мойындамаған соң әркім Құранды өз нәпсісіне, түсіну деңгейіне қарай тәпсірлеп, талқылайды. Соның нәтижесінде қоғамда бүлік пайда болады.

Ал төрт мәзһаб – осындай жағдайға жібермей отырған үлкен күш. Әркім өзінің білім деңгейіне қарай пәтуа беретін болса, онда бір-біріне кереғар, қайшы, бір-бірін мойындамайтын ағымдар пайда болады. Сондықтан кез келген мемлекетте белгілі бір мәзһабқа басымдық беріліп, қолдау көрсетіледі. Елімізде экстремистік бағыттағы «Хизб-ут-тахрир» («Азат ету партиясы») ұйымының заңға қайшы әрекеттері жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Хизбут-тахрирдің мақсаты – Ислам атын жамылып, дінаралық келісім мен үн қатысуға зиянын тигізіп, бейбіт өмір тыныштығын бұзу. Хизбут-тахрир Орталық Азия елдерінің мемлекеттік құрылысын мойындамайды және осы аймақта халифат құруды өздерінің мақсаты ретінде ұстанады. Аталған ұйым күресі идеологиялық күрес, идеологиялық төңкеріс, билікті өз қолдарына алу сынды үш бағытта жүргізіледі. Кейінгі жылдары мұсылмандар арасында жік салатын пікірлер мен ұстанымдар көрініс беруде. Діни фанатизм, лаңкестік, пікір төзімсіздігі ислам дініне жат.

Тәуелсіздік жылдары азаматтық қоғамның және нарықтық экономиканың құрылуымен ғана емес, сондай-ақ діни серпілістің жүруімен де сипатталады: дәстүрлі діни бірлестіктер ұстанымдарының күшеюімен бірге қазіргі Қазақстан үшін беймәлім, жаңа «дәстүрлі емес» діни ұйымдар пайда болды. Кейінгі уақытта католик, проттестанттық және дәстүрлі емес діни құрылымдар өз қызметтерін белсенді түрде жүргізуде. «Иегова куәлары» бірлестігінің миссионерлік қызметі ерекше қарқын алуда. «Иегово куәлары» Қазақстандағы саны жағынан өсіп келе жатқан конфессия болып отыр. Оның діни орталығы Есік қаласында орналасқан, 70-тен астам діни бірлестіктері әділет органдарында ресми тіркелген және 30-дан аса жергілікті қауымдары бар, оны ұстанатын адамдар 20 мыңға жуық. Олардың сенімі бойынша біртұтас құдайдың есімі- Иегова болды. Олар троицаны(Құдай-ата, Құдай-бала, қасиетті рух тұрғысында) мойындамайды. Иисус крестке емес бағанаға крілгенін айтып, кресті пайдаланбайды. Иегова куәгерлері кез келген мемлекетті шайтанның қаруы санап, оларда әскерде болуға, мемлекеттік әнұранды айтуға, сайлауларға қатысуға қатаң тыйым салынған.

Сонымен қатар елімізде протестантизмнің жаңа апостолдық шіркеуі, елушілер (пятидесятничество), методизм, меннонизм, пресветерианство сынды ағымдары таралуда. Пятидесятничество ХХ ғасырдың басында АҚШ-та құрылған. Бұл ағымның ең ірі қауымдары Қарағанды және Алматы қалаларында орналасқан. Апостолдар рухындағы евангелшіл христиандар өз жұмысын белсенді жүргізуде. Қазіргі кезде 3 мыңға жуық адамды біріктіретін 40-қа жуық қауымдар бар. Пресветериандық ағымы елімізде америкалық, корейлік уағыздаушылардың миссионерлік қызметі нәтижесінде таралып жатыр. Бұл уағызшыларға шет елдегі діни орталықтар көмек көрсетуде. Елімізде 20-дан аса пресветериан бірлестіктері бар. “Грэйс-Благодать”, “Бірінші пресветериан шіркеуі,” “Алматы аймақтық пресветериан шіркеуі” бірлестіктері белгілі болып отыр.

Миссионерлік – діни ұйымдардың ілімдерін таратуға арналған діни және саяси қызмет. Миссионерлік ұйымдардың шоқындыру саясаты Африка және Азия халықтары арасында қарқындап, мақсатты түрде жүргізіліп отыр. Миссионерлік ұйымдарға бірқатар елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайырымдылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық топтар материалдық және моральдық тұрғыдан көмектесіп, ортақтаса жұмыс жасайды. Миссионерлер баратын ел халқының дінін, тарихын, әдет-ғұрпын, ділі мен психологиясын зерттеп біліп барады.

Көптеген миссионерлер жергілікті халық басым елді мекендерде тұрып, сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын өз қызметтерін табысты атқару үшін жетерліктей деңгейде зерттеп, үйренеді.

Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, Ислам дінін терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлердің үгіт-насихатына тез ілігеді.

Радикалды ағымдардың мақсаты- дәстүрлі құндылықтарды жою болса, біздің мақсат- оны жаңғырту болу керек. Яғни, ұлт бойынан жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білу. Ислам жайындағы қате түсініктерге, түрлі ағымдардың жетегінде кетуге қарсы тұра алатын бірден-бір күш- біздің қазақы мұсылмандығымыз. Халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратып, қайта безендеп, ұрпаққа ұсыну.  Яғни, тәрбиені тал бесіктен күш ейту керек. Мәселен, Еуропада өз дінін мектеп қабырғасынан-ақ арнайы үйретеді. Өз дінін жастайынан санасына сіңірген баланы қандай секта болсын арбай алмасы анық. Сол себепті ол елге сектанттар барғанымен бос қайтатындықтан, Еуропа бұл мәселеде өзге елдерге бізде дін бостандығы бар деп жар салады. Сол сияқты бізде балаларды мектептен бастап рухани пәндерге оқытып, Исламды  ұлт құндылығынан бөліп қарастырмай, керісінше онымен бірге ұштасатынын түсіндіру және Ислами кітаптарға да канондық мәтін ретінде емес, рухани тәрбие көзі ретінде қарау. Рухани тәрбие ошағы болып табылатын діни  оқу орындарын дамыту. Оларға мән бермеу,елемеу арқылы рухани қажеттіліктерін қанағаттандарғысы келген болашақ ұрпақтарымызды радикалды ағым ішінен тауып қалуымыз әбден мүмкін.

Кейбір қателесушілер исламды дәстүрден бөлек санап, оны құдды бір ағымға теңеуде. Исламда әдет-ғұрыптың маңызы ерекше, тіпті кез- келген шариғат мәселесіне жауап табылмаса, оның жауабы ретінде көмек қолын созатын ижмағтан (мұсылман мүжтәһид ғалымдардың белгілі бір діни үкімге бірауыздан келісуі) кейінгі төртінші қайнар көз болып табылады. Бұл жайында Алла Тағалада Құран Кәрімде:

  «Кішіпейілділік таныт, ғұрыпты бұйыр да, надандардан бет бұр!» дейді («Ағраф» сүресі,199).

Көпшілік тәпсір ғалымдары осы аятта келген «ғұрып» сөзінің адамдардың арасында, яки қандайда бір ортада қалыптасқан ізгі әдет-ғұрыпты білдіретіндігін айтқан.

Мұсылман ғалымы, мұхаддис (хадис жеткізуші) Имам ән-Науауи де шариғатта үкімі нақты келмеген мәселелерде, салт-дәстүрге сүйену керек екендігін айтып өткен.

 

Қазақбаева Айнұр Қайратқызы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ӨЛІ РИЗА БОЛМАЙ ТІРІ БАЙЫМАЙТЫНЫН ҰМЫТПАЙЫҚ

Құрметті замандас, бұл не тақырып деп ойлап қалған боларсыз? Оныңызды түсінемін. Дәл бүгін осындай тақырыпқа ...