Алматы тұрғындары жойқын жер сілкінісіне дайын емес

835

Соңғы кездері интернет беттерінен "Алматыда жер сілкінісі болды" деген ақпараттарды жиі көретін болып жүрміз. Тіптен күні кеше ғана 7 қыркүйек таңғы сағат 6:30 да "ҚР БҒМ ҒК СТӘЭ" ММ сейсмикалық стансалар желісінің хабарлауынша 2-3 балдық көрсеткіштегі жер дүмпуі тіркелді. Иә, мамандардың сөзінше сан ғасырды бастан өткерген алып шаһар соңғы 130 жылда екі рет толықтай қирап, қайта тұрғызылған. Алғашқы жер сілкінісі 1887 жылы болып, 236 адамның өмірін аяусыз жалмаса, 1910 жылы 44 адам қайтыс болған. Ол жылдары қазіргідей көп этажды ғимараттар жоқ еді. Десе де қираған үйлер саны 200 ден асқан. Демек 2 рет орын алған ірі-ірі жер сілкінісінен кейін, аз балдық көрсеткіштегі дүмпулердің қайталануы бір сұмдықтың белгісі секілді. Бұл жөнінде атақты орыс архитекторы "Бес этаждан биік зәулім үйлер салуға болмайды" десе, Жапон ғалымы Сэгава Сюке: «Егер сол кездегі 9 баллдық жер сілкінісі бүгінгі таңда орын алар болса, Алматы қаласында 25 000 ғимарат құлап, 100 000-нан астам адам шығыны болуы мүмкін» дейді. Расымен бұл сұмдық көрсеткіш. Осындай жағдай қайта басқа түсер болса сабан мен саз балшықтан жасалған үйлердің жағдайын елестету тіптен қорқынышты.
Осы орайда Алматы қаласының тұрғыны Бибібатима Қадырова өз фейсбук парақшасына "жер сілкінді" деген тақырыппен пост жазған. Посттың астына Әйкерім Қабдұлхаққызы есімді азаматша "Төсек дір еткенде, қасымда жатқан балам шыр етіп жылады. Ұйқым шайдай ашылды. Ештенеге дайын емес екенімді түсіндім.." деп пікір білдірген.
Бетін аулақ қылсын, әрине! Залал Арыс апаты секілді таң атпай жатып, мезгілсіз келсе баспанамызды емес, басымызды қалай аман алып қаларымызды білмей, дел-сал күйге түсетініміз анық. Ықтималдылықпен есептесек, бұл жолы екі жүз адам емес, екі миллион тұрғыны бар Алматы қаласының екі мың адамының өмірі қыл үстінде тұр. Себебі сауатты архитекторларды тыңдамай, бүгін салынып, ертең беткі сылағы түсіп жататын сапасыз 10-20 қабатты үйлерге сенім жоқ. Сейсмикалық институтқа хабарласып, жауабын ала алмадық. Сондықтан тез арада Алматы қаласы Ұлттық сейсмикалық орталық мамандарынан қаншалықты халыққа қауіп төніп тұрғаны туралы мәлімет беруін сұраймыз.

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

"Адырна" ұлттық порталы

 

Комментарии
Выбор редакции