Ел дамуын айқындайтын жаңа қадам

415

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қоғамның қызу қолдауына ие болды. Жамбыл облыстық ҚХА Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ Жолдауға байланысты жиын ұйымдастырып, этнос өкілдерінің басын қосты.

2019 жылдың қыркүйек айы жаңа серпінмен бастау алды. Жаңа парламенттік маусымның басталуымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті халыққа «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жолдады.

Мемлекет басшысы Жолдауда  бес маңызды қадамды тізбектеді. Атап айтқанда заман талабына сай тиімді мемлекет; азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету; қарқынды дамыған және инклюзивті экономика; әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі;  қуатты өңірлер – қуатты ел   тармақтарын   тайға таңба басқандай атап көрсетті. Жолдауда көрсетілген әрбір тармақ өз бетінше халықтың жағдайын, әл-аухатын жақсартуға бағытталған. Солардың ішінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру, тілді одан әрі дамыту турасындағы тұжырымы көңілімізге жылу ұялатқандай.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К Тоқаев ұлттың бірлігі және елде этностық топтардың тілдері мен мәдениетін дамыту үшін жағдай жасалатынына уәде берді. Сондай-ақ, Ұлы Даланың кең байтақ жері шетелдіктерге сатылмайтынын айтты. Бұл шешімі қара халықтың көкейіндегі қыжылын басып, көңілін орнына түсірді. Ата-бабадан қалған асыл мұра ұрпаққа ғана тиесілі емес пе?! «Еңбек етем, егін орам!» дегенге жер жетеді, тек соны тиімді пайдалану керектігін де ескертті.

Жолдауды қолдау, талқылау мақсатында өзім басқарып отырған  өңірдегі Достық үйінде Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұжымының ұйымдастыруымен этнос өкілдерінің, Аналар кеңесінің, жастар қанатының  дөңгелек үстелдері өтті. Мұнда этнос өкілдері Президенттің Жолдауы туралы ойларын, жеке тұлғалық пікірлерін ортаға салды. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл жолдауы жасқа да, кәріге де тиімді, жан-жақты тың дүниеге толы құжат болды. Бәрінен бұрын жастардың жұмылған жұдырықтай тізе біріктіре жұмыс істеуі мені қуантады. Оларға қараған сайын ертеңге сенімділігім артады. Осы орайда биылғы жылды «Jastar  jyly» деп атауымыз оларға қанат бітіргендей, мемлекетімізде жастарға деген сенімнің ерекшелігін сезіндіргендей.

Жалпы ел үшін, жер үшін, болашақ үшін Президенттің осынау Жолдауы қоғамды қозғап, көңілге күдік ұялатқан, ел көкейінде тұрған  сан түрлі сауалға жауап болды. Енді ел даңқы артып, мерейі үстем бола түседі деген сенімдемін. Себебі, мемлекет басшысы халыққа айтқанын орындауға серт етті. Бұл нағыз ердің ісі.

Рано Убайдуллаева

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

 «Қоғамдық келісім» КММ басшысы

Комментарии
Выбор редакции