“ҚТЖ-Жүк тасымалының” да басшылары ұсталғаны енді хабарланды

166
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NZYXjaKUJxDOCtzm13H8OY2ZedKtY2EOXKOAShb6.jpg

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің бұрынғы үш басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды, деп хабарлайды “Адырна” Tengrinews-ке сілтеп.

Олардың барлығы сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынған.

ҰҚК мәліметінше, 9–10 қарашада серіктестіктің бас директоры Владимир Петров, оның орынбасары Қайрат Қабылов және атқарушы директоры – сатып алуды қамтамасыз ету департаментінің директоры А.К. Сембай ұсталған.

«11 және 12 қарашада олар сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазір істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу барысы туралы өзге ақпарат жария етілмейтінін атап өтті.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Владимир Петров ҚТЖ жүйесінде 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен. Әр жылдары «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-нің бас инженері және бас директоры қызметтерін атқарған. Ал Қайрат Қабылов серіктестіктің бас директорының қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары болған. Ол бұған дейін «Қазақтелеком», «Локомотив» АҚ және басқа да компанияларда басшылық қызметтер атқарған.

Ал бұған дейін 12 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиев және өзге де тұлғаларды ұстағанын хабарлаған.

Комментарии